RU

"Жылағың келеді": Әйелі тастап кеткен ер азамат төрт баласын өзі бағып отыр

Фото
Фото: Еуразия бірінші арнасы/Видеодан кадр

Елорда тұрғыны Айтан Мұқашев қазір 4 баласын өзі бағып-қағып отыр. Жұбайы 3 жыл бұрын отбасын тастап, өзге еркекпен көңіл жарастырған деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Айтан Мұқашев кіші ұлы "мені өмірге әкем әкелген" деп айтатынын жасырған жоқ. Балақайдың бұлай дейтін реті бар екен. Ес білгелі көргені тек әкесі. Анасы үйден кеткенде ол құндақта жатқан сәби болатын, деп отыр ер адам. Ал он жастағы үлкен қызы керісінше мамасының сұлу жүзін әлі ұмытпапты.

"Мамамды қатты сағындым", - дейді Ақерке.

Елорда тұрғынының сөзінше, сүйіп қосылған жарымен 8 жыл бірге тұрып, 4 перзент көрген. Жұмыссыздық, одан қалды ауылдың қымқуыт тірлігі жұбайын тура жолдан тайдырды деп отыр. Ат ізін салмай кеткеніне тура 3 жыл болғанын жеткізді.

"Көкшетауда жұмыста жүрген кезде ауылдың участкелік полициясы хабарласты. Осылай келіншегің кетіп қалыпты, балаларды тастап кетіпті деп хабар берді", - дейді төрт баланың әкесі.

Айтан Мұқашев содан бері ана орнына ана, әке орнына әке болып жүргенін айтты. Кейде тіпті азамат басымен көз жасына ерік беретін кездер де болатынын да мойындады.

"Жылағың келеді де былай, балалар сұраған кезде. Сұрайды. Біздің мамамыз қайда. Неге келмей жатыр. Балалардың мамасы бар. Балалар да сұрайды екен, мамаларың қайда деп. Сөйтіп айтады. Сол кезде жылағың келеді", - дейді ер адам.

Оның сөзінше, үш жылдың ішінде балалары тез есейіп кеткен.

"Қазір үйреніп келе жатырмыз. Балаларым да өсіп қалды. Қызым қазір 10 жаста. Одан кейін ұлым 8-де, 6-да, 4 жаста ұлым. Қазір бұлар да өздеріне, бір-біріне қарайды", - дейді Айтан Мұқашев.

Ал ер адамның анасы Нұргүл Мұхамеджанова болса, ұлына бірнеше рет үйлен деп айтқанын алға тартты.

"Қорқақтайды үйленуге. Балаларын ұрып-соғып кетеме деп, адамдар әртүрлі гой. Қандай адам кездеседі. Үйлен деп жатырмын. Балаларыңа қарайтын адам керек", - дейді ол.

Телеарна мәліметінше, алақандай ғана 27 шаршы метр баспанада қазір 7 бірдей жан тұрып жатыр. Аядай жерде аяқ алып жүрудің өзі қиын. Одан қалды балалардың оқуы бар, дейді телеарна тілшісі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874405-zylagy-keledi-jeli-tastap-ketken-er-azamat-trt-balasyn-zi-bagyp-otyr.html