RU

Алматылық полицей ер адамды өртеніп жатқан қонақ үйден алып шықты

полиция полковнигі 23
Жансерік Мыңжасаров. Кадр: polisia.kz видеосынан

14 қыркүйекте сағат 23:00 шамасында Алматы қаласының Алатау ауданындағы Шоссейная көшесіндегі қонақ үй кешенінде өрт шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қонақ үй кешенінің иесі бөлмеде ұйықтап жатқан жігітті құтқарып, өз өмірін қатерге тіккен тәртіп сақшысына алғысын білдірді.

Әңгіме Алатау ауданы ПБ бастығының орынбасары Жансерік Мыңжасаров туралы болып отыр.

"Мен Солтүстік айналма көшесімен оңтүстік бағытта келе жаттым. Қонақүйден шығып жатқан түтінді көрдім. Көлігімді қойып, дереу сонда жүгірдім. Ғимараттың алдында 10 шақты адам болды. Мен әкімшіден ішінде адамдар бар ма деп сұрадым. Ол 108-бөлмеде ер адам бар екенін және оның ұйықтап жатқанын түсіндірді. Содан мен екінші қабатқа көтерілдім, түтін қатты болды. Есікті сындыруға тура келді. Бұл адамды көшеге алып шықтым", – деп оқиғаны баяндады подполковник Мыңжасаров.

Белгілі болғандай, құтқарылған ер адам Алматыда іссапармен болған екен. Ол да өз кезегінде полицейге алғысын жеткізді.

"Мен осында ұйықтап жаттым. Жолдан қатты шаршадым. Өрт болған екен, олар менің бөлмемнің есігін қатты қаққан, бірақ мен естімеппін. Содан ер адам есікті бұзып кіріп, мені алып шықты", – дейді қала қонағы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде ер адамның таң алдында үйін өртеп, соның салдарынан үш отбасы далада қалғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ Ресейдің Пенза қаласының тұрғыны өзінің бұрынғы жігіті хабарламалары мен қоңырауларына жауап бермегені үшін оның үйін өртеп жіберген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874420-almatylyk-policej-er-adamdy-rtenip-zatkan-konak-jden-alyp-sykty.html