RU

ШҚО-да 82 жастағы қария өзін емшімін деп таныстырған алаяқтың тұзағына түскен

Карта1
Көрнекі фото: pixabay.com

Өскемен қаласында жалған емшіге алданған зейнеткер 2,5 млн теңгесінен айырылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, саябақта келе жатқан қарт кісінің қасына орта жастағы әйел келіп, оны әңгімеге тартады.

Ол зейнеткерге қарғыс тигенін айтып, "Барлық пәле-жала ақша мен алтын бұйымдарда тұр. Тез арада тазалау рәсімін жүргізу керек" дейді.

Бұған сенген қарт уағдаласқандай келесі күні 2 100 000 теңге көлеміндегі ақша мен жүзік, сырға сынды бірнеше алтын бұйымды әкеліп, алаяқтың қолына ұстатқан.

Жалған емші оның бәрін газетке орап, белгілі бір рәсім жасағандай кейіп танытады да "енді бұл газетті 3 күн бойы ашпаңыз" дейді.

"Осылайша 2,5 млн теңге мөлшерінде шығынға батқан жәбірленуші полицияға қоңырау шалды. Жедел іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары 1995 жылы туған күдіктіні және оның Павлодар қаласындағы 1986 жылғы сыбайласын қолға түсірді. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Еске салсақ, Ақтөбеде банк қызметкері болып танысқан ер адам ұялы телефон арқылы зейнеткердің шотындағы 1000 АҚШ долларынан астам қаржыны алып алған.

Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны пәтер алуға көмектесуге уәде етіп, петропавлдықты 5 млн теңгеге алдап кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874465-sko-da-82-zastagy-karia-zin-emsimin-dep-tanystyrgan-alaakty-tzagyna-tsken.html