RU

ДДСҰ: Коронавирустың екінші толқыны алғашқысынан да ауыр болуы ықтимал

Тәжвирус1
Көрнекі фото: piqsels.com

Коронавирус қайта бас көтерді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Соңғы тәулікте әлем бойынша 308 мыңға жуық адамға COVID-19 диагнозы қойылды. Аурудан қайтыс болғандардың саны 917 мыңнан асты. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «коронавирус індетінің екінші толқыны алғашқысынан да ауыр болуы ықтимал» дейді.

Қазір көптеген ел шектеу шараларын күшейтіп, карантинді қайта енгізе бастады. Ал аурулар саны азайған өңірлерде керісінше, мектептер мен балабақшылар ашылып жатыр. Қазір Еуропаның бірқатар елінде карантин режимі қатаңдай бастады. Ал Қытайда тіпті әскери режим жарияланды. Осыдан-ақ мұнда жағдайдың оңай болмай тұрғанын байқауға болады.

Коронавирусты тоқтата алған Қытайда қауіпті дерт қайта күшейді. Елдің Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының хабарлауынша, науқастардың басым бөлігі сырттан келгендер.

Юньнань провинциясында көрші елден келген екі азаматтан вирус анықталғандықтан, жергілікті билік бірден әскери режим енгізді. Енді Жуйли қаласының барлық тұрғындары жаппай COVID-19-ды анықтайтын тест тапсыратын болады. Азаматтар аса қажет болмаса үйден шықпауға тиіс. Бұл аймақта  шетелден келген 7 азаматтан вирус анықталған.

Эпидемиологиялық ахуал Еуропада да мәз емес. Осыған орай Кәрі құрлықтың бірнеше елі карантин режимін қатаңдату туралы шешім қабылдады. Мысалы, Францияда өткен тәулікте 6 мыңнан астам адам қауіпті инфекция жұқтырып, 34-і көз жұмды. Жансақтау бөлімінде жатқандардың саны да артып барады.

Енді Франция Үкіметі бөлек елді мекендердегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты шектеу шараларын қатаңдату немесе жұмсарту шешімін сол жердегі биліктің құзыретіне тапсырды. Осыған орай Буш-дю-Рон департаменті аймақтағы 27 елді мекен тұрғындарына сыртта бетперде киіп жүруді міндеттеді. Ал Жиронада департаментінің билігі аймақта кез келген жиналыс, жәрмеңке немесе ойын-сауық жиындарын өткізуге тыйым салды.

"Енді кез келген жиын, жиналыс, халық жиналатын акциялар, жәрмеңкелер мен ойын-сауық кештердің ұйымдастырылуына рұқсат жоқ. Адамдардың маска тақпай, әлеуметтік ара қашықтықты сақтамайтын манифестациялар өткізілмейді",- деді Жирона департаментінің билік өкілі Фабьенн Бюшьо.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазір Еуропа елдерінде көбіне жас буын өкілдері ауруға шалдығып, вирус тасымалдап жүргенін ескертсе де, кей оқу орындары қайта ашылып жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «күзде індеттен зардап шегетіндердің қатары наурыз бен сәуір кезіндегіден де көп болуы мүмкін» деп болжайды. Сондықтан мамандар әзірге бұл қауіпті аурудан сақтанудың ең басты жолы бетперде кию, жеке гигиена және ара-қашықтықты сақтау екенін ескертеді.

Айта кетейік, бір апта ішінде Алматыда карантин шараларын бұзғаны үшін 40-қа жуық кәсіпкерлік нысанына айыппұл салынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874475-dds-koronavirusty-ekinsi-tolkyny-algaskysynan-da-auyr-boluy-yktimal.html