RU

"Жарты миллион доллар ұсынды": Смақов ел футболындағы жемқорлық жайлы айтты

Футбол
Фото: Видеодан кадр

Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны Самат Смақов ел футболындағы жемқорлық туралы сөз етті. Ол үлкен спортта жүрген кезде қажетті нәтижені көрсету үшін бір матчта қанша ақша ұсынғанын ашып жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл тақырыпты Семей футбол мектебінің түлегі Youtube желісіндегі ER-BATYR жобасында қозғады.

Оның айтуынша, кәсіби мансабында бірде-бір рет келісілген матчқа қатыспаған. Алайда көптеген ұсыныстар түсіпті.

"Келісілген матчтарға ешқашан қатысқан емеспін. Мені танитындар барлығын жақсы біледі. Алайда бұл туралы айтқан жанкүйерлер де болды. Олар жеңіліске ұшыраған кездесуді - сатты, ұтқан ойынды - сатып алды деп айтты. Жеке өзіме шығып, жарты миллион ұсынғандар кездесті. Бізден ойынды бере салуды емес, тек қажетті нәтижені көрсетуді сұрады. Мен мұндайға жол бермейтінімді жеткіздім.

Футболда ұтылса - сатты, жеңсе - сатып алды деген түсінік қалыптасқан. Бұл бізде ғана емес барлық жерде бар", - деді Смақов.

Экс-футболшы оған мұндай қомақты ақшаны қандай матч кезінде ұсынғанын нақтыламады.

Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталғанын жазған болатынбыз.

Одан бөлек, Атырау облысында аудан әкімі орынбасарының жемқорлығы үшін қызметінен кетуі мүмкін екенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874521-zarty-million-dollar-syndy-smakov-el-futbolyndagy-zemkorlyk-zajly-ajtty.html