RU

Ақтауда шенеуніктің қатысуымен өткен той тексеріліп жатыр (видео)

тойлаған
Видеодан кадр: telegram.org/kozachkow

Маңғыстау облысы әкімдігінің қызметкерінің қатысуымен өткен тағы бір тойдың видеосы желіде пайда болды. Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізілуде. Бұл туралы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Видео журналист Михаил Козачковтың Telegram арнасында жарияланған.

БАҚ өкілінің хабарлауынша, оған да өңірде өткен тойдан видео жіберген. Роликте басқа бір шенеунік көзге түскен.

"Тағы да Маңғыстау облысы әкімдігінің қызметкері - энергетика басқармасының бас маманы Жанболат Жақыпов той тойлап жатыр. Елдің батысында өз заңдары бар, мен дұрыс түсіндем бе?", - дейді Михаил.

Сондай-ақ ол күйеу жігіттің де жай адам емес екенін атап өтті. Ол ірі мұнай газ компаниясының экс-директорының ұлы.

Бейнежазбаға Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев пікір білдірді. Ол аталған дерек бойынша Ақтау полициясымен бірге жоспардан тыс тергеудің басталғанын хабарлады.

Тексерістен соң санитарлық нормаларды бұзуға жол бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Еске сала кетсек, кеше Маңғыстауда лауазымды шенеуніктің көпшілікпен бірге туған күнін атап өткені хабарланған еді.

Көпшіліктің басын қосып, туған күнін тойлаған Маңғыстау облысы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлібековаға карантин шаралары да кедергі келтірмеген.

Айта кетсек, видео пайда болғаннан кейін шенеунікке сөгіс жарияланған. Мұндай жарлықты өңір басшысы шығарған.

Әлеуметтік желіде жарияланған видео негізінде басшы Марина Әлібекова санитарлық ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған 30 АЕК айыппұл салынған, алайда ол бірден төлегендіктен екі есеге қысқарған. Яғни Марина Әлібекова 15 АЕК (41 670 теңге) төледі.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1874528-aktauda-seneuniknikti-katysuymen-tken-toj-tekserilip-zatyr-video.html