RU

668 жәбірленуші, 125 млн теңге шығын: Шымкентте жалған дәрігерлер сотталды (видео)

5915166
Сотталушылар. Кадр : "Астана" телеарнасы

Шымкентте атышулы іске қатысты сот процесі аяқталды – 2019 жылы жүздеген қала тұрғыны жеке медициналық клиникаға алданғандарын айтып, құқық қорғау органдарына арызданған. Жалған дәрігерлер алаяқтық бойынша сотталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сот отырысында "Астана" телеарнасының тілшісі болып қайтты.

Аталған іс бойынша 668 адам жәбірленуші болып қатысты. Жеке клиникада олардың барлығын "ғажайып" процедуралардың қажеттілігіне сендірген. Ол үшін адамдар жарты миллион теңгеге дейін ақша төлеген. Ал ақшалары жетпегендерге несие алу ұсынылған. Нәтижесінде қала тұрғындары алмаған процедуралары үшін әлі күнге дейін банкке ақша төлеуде.

Жәбірленушінің бірі айтып өткендей, оған жарық ауруын (грыжа) емдеуге уәде берген. Әйел адам несие алып, бір апта бойы массаж қабылдаған. Алайда, содан кейін клиника жабылып қалған. Ал жәбірленуші әлі күнге дейін несиесін төлеп келеді.

"Банк бізге маза бермейді. Күнде қоңырау шалады. Сол үшін үйден де береке қашты. Үнемі қан қысымым көтеріледі", – дейді тағы бір жәбірленуші.
9846465
Кадр: "Астана" телеарнасы

Аяқ астынан клиникалар желісі түгелдей жабылып, жәбірленушілер полицияға жүгінген. Сол кезде медициналық мекеменің басқарушысы мен үш директорына іздеу салынды.

Тергеу амалдары 9 айдан астам уақыт бойы жалғасты. Нәтижесінде айыпталушылардың 2017-2019 жылдары жалған медициналық ұйымдар желісін ашқаны дәлелденді. Жалпы қазақстандықтар оларға 125 млн теңге беген.

9846465
Сотталушы. Кадр: "Астана" телеарнасы

Басты күдікті ретінде танылған Ресей азаматы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның үш сыбайласы 5-6,5 жылға сотталды.

49846
Сотталушы. Кадр: "Астана" телеарнасы

Сондай-ақ олар сот шешімімен жәбірленушілерге емге жұмсалған ақшаның бір бөлігін қайтарып беруге міндеттелді. Одан бөлек, сотталушыларға медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атыраудағы перзентхананың тоңазытқышында қайтыс болған нәресте өлімі туралы резонанстық іс бойынша жаңа мәліметтер пайда болды.

Қайғылы жағдай өткен жылдың күзінде болған еді. Тергеу босандырған дәрігерлер тірі баланы перинаталдық орталық басшысының нұсқауымен тоңазытқышқа орналастырды деп күдіктенді. Содан нәресте қайтыс болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874724-668-zbirlenusi-125-mln-tege-sygyn-symkentte-zalgan-drigerler-sottaldy-video.html