RU

"Қорғас ісі": Елімізге Швейцариядан 390 млн-нан астам қаражат қайтарылды

Теңге
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Елімізден заңсыз түрде Швейцарияға әкетілген 390 млн теңгеден астам қаражат Қазақстанға қайтарылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Қазақстан Бас прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаражат елімізге 14 қыркүйек күні қайтарылыпты. Аталмыш соманы «Қорғас ісі» бойынша ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық мүшелері жымқырып, Швейцарияға алып кеткен. Швейцарияның Федералдық билігі 390 млн теңгеден астам қаражатты Қазақстанға қайтарды.

"Аталған қаражат 2012 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген қылмыстық ұйымдасқан топтың белсенді мүшелерінің бірі Мағзұм Әбдіралиевке тиесілі Швейцария банкіндегі шетелдік компанияның шотында болған", - деп жазады Бас прокуратураның ресми сайты.

Белгілі болғандай, Швейцариядан Әбдіралиевтің қылмыстық активтерін қайтару бойынша жұмыс 2018 жылдан бері жүргізіліп келіпті.

Аталмыш іс бойынша бұған дейін 2019 жылы мемлекет кірісіне Швейцариядан 140 млн теңге қайтарылған екен.

Құзырлы мекеме "Қорғас ісі" аясында Швейцариядан мемлекеттік бюджетке шетелден активтерді қайтару бойынша жұмыс барысында түскен қаражаттың жалпы сомасы шамамен 530 млн теңгені, яғни 1,3 млн АҚШ долларынан астам қаражатты құрағанын алға тартты.

Еске салсақ, "Қорғас ісі" - Қазақстан тарихындағы ең ірі жемқорлық дауларының бірі. Одан бөлек, ең қанды дауға да айналған. Себебі, тергеу барысында фигуранттардың бірі өзіне қол салған, екіншісі жол апатынан қаза тапқан, тағы бірі үйінің қасында өлтірілген, ал төртіншісін колонияда аяусыз соққыға жыққаннан кейін, ол да қаза тапты.

2011 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан тергеудің соты тек 2014 жылы өтіп, 6 адам ұзақ мерзімге сотталған еді. ҰҚК-ның екі экс-бастығы, 16 және 17 жылға бас бостандығынан айырылған. 2019 жылдың қазанында іс бойынша екі сотталушыны бостандыққа жіберді. Олар өтелмеген мерзімді 3 млн теңге айыппұлға алмастырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874734-korgas-isi-elimizge-svejcariadan-390-mln-nan-astam-karazat-kajtaryldy.html