RU

Маңғыстау әкімдігі карантинде той тойлаған шенеунікті әлі жазаламаған

54656
Кадр видеодан алынды: telegram.org / kozachkow

Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкері Жанболат Жақыповқа қатысты тексеру басталмай отыр. Себебі шенеунік еңбек демалысында деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, жаңадан үйленген күйеу жігіт 25 тамыздан бері еңбек демалысында.

"Заң бойынша қызметкер жұмысқа шыққаннан кейін құзыретті тұлғалар болған оқиғаға қатысты мәселемен айналысады", – деп түсіндірді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, желіде Маңғыстау облысы әкімдігінің қызметкерінің қатысуымен өткен тойдың видеосы пайда болды. Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізілуде.

Видео журналист Михаил Козачковтың Telegram арнасында жарияланған.

Бейнежазбаға Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев пікір білдірді. Ол аталған дерек бойынша Ақтау полициясымен бірге жоспардан тыс тергеудің басталғанын хабарлады.

Сондай-ақ бұған дейін Маңғыстауда лауазымды шенеуніктің көпшілікпен бірге туған күнін атап өткені хабарланған еді.

Көпшіліктің басын қосып, туған күнін тойлаған Маңғыстау облысы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлібековаға карантин шаралары да кедергі келтірмеген.

Кейіннен аймақ басшысының жарлығымен шенеунікке сөгіс жарияланды.

Әлеуметтік желіде жарияланған видео негізінде басшы Марина Әлібекова санитарлық ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874807-magystau-kimdigi-karantinde-toj-tojlagan-seneunikti-li-zazalamagan.html