RU

Солтүстік Қазақстанда құс тұмауының өршуіне байланысты карантин енгізілді

тауық1
Көрнекі фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысының 7 ауданындағы 10 ауылда құс тұмауы өршіген соң карантин режимі енгізіліп жатыр. Бұл туралы ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ветеринария басқармасы басшысының хабарлауынша, зерттеу нәтижесін алып, құс тұмауы расталған соң облыстың Тимирязев, Тайшын, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аудандарында карантин енгізіледі деп жазады Петропавловск.news.

Бұл аудандарда адамдар мен көлік қозғалысына барынша тыйым салынады. Карантин аймағына кіретін және шығатын жерлерге дезинфекциялық тосқауылдар қойылады.

Кедергісіз қозғалыс тек төтенше жағдайлар қызметі мен тіршілікті қамтамасыз ететін ұйымдарға ғана беріледі.

Аудандардан құс пен құс өнімдерін шығаруға тыйым салынады. Мамандар ауру жұқтырған жан-жануарларды алып, өртеу арқылы жояды. Алу кезінде шығындардың орнын толтыру үшін тиісті құжаттар жасалады.

Дені сау жануарларға вакцина салынып, олар ветеринарлардың бақылауында болмақ. Ведомство барлық қажетті шаралар жүзеге асырылатын 3 аймақ құрылатынын атап өтті.

Карантин ауру жұқтырудың соңғы жағдайы тіркелген соң 21 күннен кейін алынбақ.

Еске сала кетсек, СҚО-ның 7 ауданында жаппай құс өлімі тіркеліп, оның себебі құс тұмауы екені хабарланды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің айтуынша, Қазақстан бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына хабар берген.

13 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының үш ауданында үй құстарының жаппай қырылу фактілері тіркелгенін хабарлаған едік.

Қадағалау органының мәліметінше, ветеринарлық қызмет зертханалық тексеріс үшін құстың қаны мен ішкі ағзаларын алған. Сол кезде олар құстың жаппай қырылу себебін анықтау үшін Петропавл қаласына жіберілген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874834-soltstik-kazakstanda-ks-tmauyny-rsuine-bajlanysty-karantin-engizildi.html