RU

Қазақстанда 20 жыл бойы іздеуде болған қылмыскер ұсталды

Қылмыскерді құрықтау сәті
Видеодан кадр: Өскемен қаласының полиция басқармасы

Өскемен қаласының полицейлері тергеуден 20 жыл бойы жасырынып жүрген қылмыскерді ұстады деп жазады KAZ.NUR.KZ қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1970 жылғы Павлодар тұрғыны осыдан 22 жыл бұрын, яғни 1998 жылы аса ауқымды көлемде марихуананы заңсыз сатып алған.

Есірткіні ол Өскемен қаласына алып кетіп, өз үйінде сақтап жүрген. Тәртіп сақшылары оның пәтерін тінту барысында қолдануға тыйым салынған затты және азаматқа есірткі сатылымынан түскен қаражатты тапты.

Құқыққорғау қызметкерлері қылмыстық іс қозғағанымен, күдікті ізін суытып қашып кеткен. Оған бірден іздеу салынды. Шұғыл әрекет ету тобы оны іздеп табу үшін Павлодар және Ресейдің Алтай облыстарына да барды. Алайда, іздестіру жұмыстары оң нәтиже бермеді.

Аталмыш істегі күдіктінің қайда екені тек осы жылдың қыркүйек айында белгілі болды. Анықталғандай, ер адам Павлодар қаласында тұрып келген. Ол жерде азамат пәтерді жалға алған. Өскемен қаласының полицейлері жедел түрде оның мекен-жайы бойынша шығып, оны тұтқындаған. Қазіргі таңда ер адам Павлодар қаласының уақытша тергеу изоляторына тоғытылған.

Айта кетейік, бұған дейін Ресей Федерациясында адам өлтірді деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталған болатын. Қылмыс оқиғасы 1994 жылдың сәуір айында болған. Тергеу мәліметінше, тұтқындалған ер азамат ұзақ уақыт бойы өз елінде жасырынып жүрген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874845-kazakstanda-20-zyl-bojy-izdeude-bolgan-kylmysker-staldy.html