RU

"Өзгеріс байқалмайды": Құл-Мұхаммед Білім министрлігінің жұмысын сынға алды

Фото
Фото: Parlaam.kz

Парламент сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед қашықтан оқыту кезінде туындаған мәселелерге қатысты сауал жолдады деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, үкімет басшысының атына жолданған сауалда депутат қашықтан оқытуға қатысты өзекті мәселелерге назар аударған.

Мұхтар Құл-Мұхаммед отандық онлайн білім беру платформаларына ортақ кемшілік ретінде олардың жұмыс істеу жылдамдығының төмендігін атап өтті.

Депутаттың айтуынша, интернет-трафиктің дәл сондай көлемімен шетелдік онлайн ресурстар мен қосымшалар анағұрлым тез жұмыс істейді. Осыған орай, сенатор жаңа онлайн білім платформасын дайындаған уақытта осы мәселенің ескерілгені орынды екенін жеткізді.

  • Сонымен қатар, сауалда қашықтан оқыту барысында, әсіресе, шетелдік қосымшаларды пайдаланған кезде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жат бейнежазбалардың тарап кетпеуінің алдын алу, кезекші сыныптарды ұйымдастыру және білім алу үдерісіне мәжбүрлі түрде қатыса алмай отырған аз қамтылған отбасылар балаларының санына талдау жүргізу жұмыстарына баса мән берілген.

"Теріс контентті көрсету мақсатында қаскүнемдердің конференцияларды үзу және оларға қосылу мүмкіндігі елеулі қауіп төндіруде. Мұндай жағдайлар биылғы жылы орын алды және алдағы уақытта да қайталанатыны анық. Жоғарыда айтылған факторлар дереу аналогты отандық бейнебайланыс платформаларын құруды талап етеді. Биылғы шілде айында білім және ғыоым министрлігі қазіргі білім беру платформаларын тезірек жетілдіруге сендірген болатын, бірақ көріп отырғанымыздай, оң өзгерістер байқалмайды.

Осы жылы 9 қыркүйекте Ұлттық экономика министрі жаңа онлайн білім платформасы дайындалатын туралы баяндаған болатын. Осыған байланысты нақты мерзімдерін жариялай отырып, үкіметтің осы міндетті орындауға жауапты нақты мемлекеттік органды айқындағаны орынды болар еді", - деді сенатор.

Осы айтылған мәселелерді ескере келе, Мұхтар Құл-Мұхаммед президенттің бірыңғай білім беру онлайн-платформасын құру туралы тапсырмасы нақты қандай мерзімде іске асырылатынын сұрады.

"Онлайн білім беру платформасын құруға мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы айқындалды ма? Процесті жылдамдатуға техникалық мүмкіндіктер бар ма? Бұл жұмысқа бюджеттен қосымша шығындар қарастырылған ба? Қашықтан оқыту аясында азаматтардың тегін орта білім алуы үшін конституциялық кепілдіктер қамтамасыз етілген бе?", – деді сенат депутаты.

Еске сала кетсек, осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласында ZOOM платформасында математика пәнінен онлайн сабақ уақытында бесінші сынып оқушыларына порно көрсетілгенін жазған едік.

Кейінірек, бүл келеңсіз жағдайға Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева да түсініктеме берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874847-zgeris-bajkalmajdy-kl-mhammed-bilim-ministrligini-zmysyn-synga-aldy.html