RU

Елордалықтардан ақша жинаған қорға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

тәртіп сақшысы456
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Астаналықтар корпоративтік қор тарапынан алаяқтық фактісі орын алғанын айтып, полицияға арызданған. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Нұр-Сұлтан ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құқық қорғаушылардың ақпарынша, биылғы 7 қыркүйекте қала тұрғындары Есіл ауданының полиция басқармасына ұжымдық арыз түсірген. Олар корпоративтік қор тарапынан алаяқтық фактісі орын алғанын хабарлаған.

Арызданушылар қордың олардан тұрғын үй сатып алу үшін тиімді инвестиция жасау мақсатында ақша алғанын, кейіннен өз міндеттерін орындамай қойғанын мәлімдеді.

"Екі және одан да көп адамға қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тексеріс жүргізілуде", – деп түйіндеді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте атышулы іске қатысты сот процесі аяқталғанын хабарлағанбыз. 2019 жылы жүздеген қала тұрғыны жеке медициналық клиникаға алданғандарын айтып, құқық қорғау органдарына арызданған. Жалған дәрігерлер алаяқтық бойынша сотталды.

Аталған іс бойынша 668 адам жәбірленуші болып қатысты. Жеке клиникада олардың барлығын "ғажайып" процедуралардың қажеттілігіне сендірген. Ол үшін адамдар жарты миллион теңгеге дейін ақша төлеген. Ал ақшалары жетпегендерге несие алу ұсынылған. Нәтижесінде қала тұрғындары алмаған процедуралары үшін әлі күнге дейін банкке ақша төлеуде.

Сондай-ақ бұған дейін Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязов шуға айналған 330 млн теңгелік шолу дөңгелегіне қатысты іске куәгер ретінде жауап берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874904-elordalyktardan-aksa-zinagan-korga-katysty-sotka-dejingi-tergeu-bastaldy.html