RU

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 30 миллионға жетті

Коронавирус
Көрнекі фото: pixabay.com

Шамамен бір жыл ішінде коронавирус дертін жұқтырғандар саны әлем бойынша 30 миллионнан асты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Worldometers онлайн-дайджестінің мәліметіне сәйкес, 18 қыркүйек күнгі көрсеткіштер бойынша, әлемде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 30,335 млн-ға жетті. Жазылғандар саны - 2,024 млн адам.

Жер бетінде коронавирустан қаза тапқандардың саны - 950 мың адам. Айта кетсек, COVID-19 індеті пайда болғанына әлі бір жыл да толмаған. Алғаш болып вирус Қытайда өткен жылдың желтоқсанында тіркелген еді.

Наурыздың басынан бері коронавирус пандемия ретінде қарастырылып, бірталай ел бұл індеттен құтыла алған.

Десе де күнделікті 300 мың адам індетті жұқтырып жатқаны вирустың беті әлі қайта қоймайтынын аңдатады.

Соңғы айда тәуліктің жұқтыру көрсеткіші бірнеше рет рекордтық деңгейге жеткен. 24 сағат ішіндегі ең жоғарғы жұқтыру көрсеткіші - 306,8 мың адам. Жұқтырғандар саны бойынша көшті АҚШ пен Үндістан бастап отыр - сәйкесінше, 6,8 млн және 5,2 млн адам.

Еуропаның бірқатар елдері карантинді жұмсартып жатса, кейбір елдер, керісінше қатаңдатуда. Мәселен, Израильде үш аптаға локдаун жарияланған. Чехия елінде тәулік ішінде ауырғандар саны рекордтық деңгейге жетіп, жағдай ушығуда. Елдің бас эпидемиологы Роман Примула Чехияда коронавирустың екінші толқыны басталып кеткенін мәлімдеген болатын.

РИА новости ақпаратына сәйкес, Франция елі де шектеу шараларын қатаңдатуда. Азия елінде де індет өршіп жатыр. Екінші толқынға Қытай, Жапония мен Гонконг елі барынша дайындалуда. Оңтүстік Корея елінде де жұқтырғандар саны артып жатыр.

Австралия елі коронавирустың екінші толқыны басталып кеткенін тіркеген.

Ал Қазақстанда болса, бүгінгі таңда вирусты 107 мың адам жұқтырған. Соңғы тәуліке індет 78 адамнан табылып отыр. Вирустан 1671 адам қаза тапқан.

Еске салсақ, коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеу басталып кеткен болатын.

Сол арада Солтүстік Қазақстанда құс тұмауы өршіп, құстар жаппай қырылып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874927-lemdegi-koronavirus-auyrgandar-sany-30-mln-ga-zetti.html