RU

Нұр-Сұлтанда банк менеджері клиенттердің шотынан ақша ұрлаған деп күдіктелуде

Ақша 65465
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Елорданың полиция қызметкерлері банк шоттарынан ақша ұрлау ісін тергеуде. Аталған іс бойынша банк менеджері күдікке ілінді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу нұсқасы бойынша, елордалық банктердің бірінің менеджері бірнеше ай бойы қызметтік жағдайын пайдаланып, клиенттердің қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Полицияның ақпарынша, ол салымшыларға арналған түрлі банк операцияларын жүргізе отырып, бір уақытта ақша ұрлаумен айналысқан.

Осылайша, банк қызметкері 297 мың теңге қаражатты иемденіп алған. Іс бойынша жеті адам жәбірленуші атанды.

Белгілі болғандай, күдікті банкте бірнеше жыл қызмет еткен. Қазіргі уақытта ол жұмыстан босатылған.

Менеджерге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы – "Ұрлық" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетейік, Қазақстанның Бас прокуратурасы азаматтардың шағымдарынан кейін коллекторлар мен жеке сот орындаушыларының қызметіне тексеру жүргізген болатын. Қадағалаушы орган олардың қызметіндегі заң бұзушылықтарды анықтады.

Тексеру және талдау нәтижелері бойынша коллекторлық агенттіктердің ЖСО-мен бірлесіп, борыштарды заңсыз өндіріп алу схемасын қолданғаны анықталды.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы полицейлері жеке сот орындаушылары мен кәмелетке толмаған төрт баласы бар әйелдің арасындағы жанжалды зерттеп жатқаны туралы жазған едік. Ер адамдар келіншекті үйінен күштеп шығармақ болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875034-nr-sltanda-bank-menedzeri-klientterdi-sotynan-aksa-rlagan-dep-kdiktelude.html