RU

Қапшағайда лауазымды шенеуніктердің 14 млн теңгені жымқырғаны рас па

теңге 1
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте өткен онлайн-брифинг кезінде Қапшағайда лауазымды тұлғалардың 14 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінгенін айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, Қапшағай жолаушылар транспорты және автожол бөліміндегі лауазымды тұлғалар күдікке ілінген.

Тергеу болжамына сәйкес, олар 14 миллион теңге жымқырған. Шенеуніктер "Жұмыспен қамту жол картасы 2020" мемлекеттік бағдарламасының аясында бөлінген қаражатты іс жүзінде орындалмаса да, аяқталған жұмыстардың актілеріне қол қою арқылы алған.

Бұл қаражаттарға Заречный ауылдық округіндегі көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеуді әрі қарай жалғастыруда.

Еске сала кетсек, дәл осы брифинг кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Жамбыл облысы еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің жетекшісіне қатысты іс қозғалғаны айтылды. Тергеу нұсқасына сәйкес, шенеунік қол астындағы адамның қызметке жетуі үшін 2 миллион теңге пара алған болуы мүмкін.

Сондай-ақ, Қазақстанның Бас прокуратурасы азаматтардың шағымдарынан кейін коллекторлар мен жеке сот орындаушыларының қызметіне тексеру жүргізгенін хабарлаған болатынбыз. Қадағалаушы орган олардың қызметіндегі заң бұзушылықтарды анықтаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875091-kapsagajda-lauazymdy-seneunikterdi-14-mln-tegeni-zymkyrgany-ras-pa.html