RU

Қазақстанда коронавирусты қайта жұқтырғандар бар ма

тәжвирус
Көрнекі фото: sputniknews.kz

Қазақстанда коронавирус инфекциясын қайта жұқтырған науқастар жоқ. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

"Қазақстанда коронавирусты қайта жұқтырған бірде-бір науқас тіркелген жоқ. Білуімше, әлемде де қайта жұқтыру жағдайлары жоқ", - дейді Қожахметов онлайн брифингте.

Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова да республика бойынша екінші рет COVID-19 жұқтыру деректері тіркелмегенін растады.

"Бұл жаңа ауру болғандықтан, қайта жұға ма, жоқ па, оны кесіп айта алмаймыз. Өкінішке қарай, бұл сұраққа бірде-бір ел нақты жауап бере алмай отыр. Мұны инфекциямен ауырып шыққан науқастарды ұзақ уақыт бақылағаннан кейін айтуға болатын шығар", - деді ол.

Айтуынша, кейбір адамдарда ауру өте ұзаққа созылып, алдымен, жағдайы жақсарып, кейін қайта нашарлаған кездер болған. Бірақ бұл коронавирусты қайта жұқтыру емес, пациенттің дерттен толығымен айығып шықпауымен байланысты, деп түсіндірді Қожапова.

Басқарма басшысы COVID-19-ды қайта жұқтырғандарды емдеуге арналған бөлек хаттама жоқ екенін, ауруды емдеу хаттамасы бәріне бірдей екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Чикагодағы Иллинойс университетінің ғалымдары коронавирусқа қарсы қолданылып жүрген азитромицин антибиотигін басқа дәрілермен қатар ішкен жағдайда жүрек талмасы пайда болатынын мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875107-kazakstanda-koronavirusty-kajta-zktyrgandar-bar-ma.html