RU

Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясының жұмысына қатысады

Тоқаев
Фото: Twitter

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясының жұмысына қатысады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің ресми Facebook парақшасына сілтеме жасап.

Мерейтойлық сессия «Біз қалайтын болашақ, бізге қажет Біріккен Ұлттар Ұйымы: мультилатерализмге ұжымдық бейілділігімізді нақтылау» деген ұранмен өтеді.

"Бас Ассамблеяның сессиясы әлі жалғасып жатқан коронавирус пандемиясы жағдайында өтетіндіктен, мемлекеттер басшыларының сөйлейтін сөздері бейне байланыс форматында болады деп жоспарланған" , - деп жазды Берік Уәли.

Қазақстан президенті 21 қыркүйекте БҰҰ 75 жылдығына арналған жоғары деңгейдегі кездесуге, 23 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы дебатына қатысады.

"Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75 жылдығына және жалпы дебаттардағы күн тәртібіне байланысты ағылшын тілінде екі бейнеүндеу жасайды" , - деп мәлімдеді президенттің баспасөз хатшысы.

Қазақстан президенті өз баяндамаларында халықаралық өзекті мәселелерді шешу ісіндегі әлемдік қоғамдастықтың іс-қимылдарын үйлестірудің маңыздылығын, атап айтқанда коронавирус індетімен күрес, жаһандық экономикалық өсімді қалпына келтіру, терроризмге қарсы іс-қимыл, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, климаттың өзгеруі сияқты проблемаларды көтереді.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ға қатысты сыни пікірлердің айтылғанына қарамастан, ол әлемдік саясатта шешуші рөл атқаратын баламасы жоқ әмбебап ұйым екеніне тоқталып, 2030 жылға дейінгі Күн тәртібіндегі тұрақты даму мәселелердің жүзеге асырылуы, халықаралық саясаттағы БҰҰ-ның рөлін күшейту, Орталық Азиядағы өңірлік ықпалдастық салалары бойынша жүзеге асырылуы тиіс мәселелерді қозғап, бірқатар халықаралық бастамаларды ұсынады.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1875146-tokaev-b-bas-assambleasyny-75-sessiasyny-zmysyna-katysady.html