Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мұнайдан емес, шаруашылықтан байыдым": Ақтөбелік мұнайшы қарбыз егіп, миллиондап пайда тапқан

Опубликовано:

Ақтөбелік мұнайшы
Фото: NUR.KZ

Мұнайшы Ерлан Алмағанбетов қара алтынға бай жердің үстіне қарбыз-қауын егіп, пайданың үстінде қалды. Ақтөбе облысы Темір ауданы Саркөл ауылының тұрғыны осы шаруашылықтың арқасында бауырларымен қатар, ауылдастарын да жұмыспен қамтыған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

40 жастағы азамат 20 жылдан бері мұнай компаниясында еңбек ете жүріп, мал баққан. Екі жылдан бері қауын-қарбыз егуді де қолға алды. Пайданың көзін тапқан мұнайшы әріптестерін ауылшаруашылығы саласында еңбек етуге шақырады.

"Мамандығым - мұнайшы. Бірақ мұнайдан емес, ауылшаруашылығынан көп пайда табуға болатынын өзіме дәлелдедім. Тоқсан тоғызыншы жылдан жеке кәсіп ашып, мал шаруашылығымен айналыстым. "Тұлпар" жеке шаруа қожалығым бар. Інілерім, күйеу баламмен бірге сиыр, жылқы, қой өсіріп отырмыз. Мұнайда ақша көп деген қате түсінік. Ол жерден тек мұнай компаниясы барлар ғана пайда таба алады. Жұмыста жүргендер тек орта есеппен айына 100-120 мың теңге ғана айлық алып отыр" , - дейді мұнайшы Ерлан Алмағанбетов.

Өзі мұнай мекемесінде вахталық әдіспен жұмыс істейді. 15 күн жұмыста болса, қалған 15 күн шаруашылық басында. Соңғы жылдары дәмді қауын-қарбыз егуді қолға алған азаматтың мұнайшы әріптестері де ауылшаруашылығымен айналысуға қызыға бастаған.

Ақтөбелік мұнайшы
Фото: NUR.KZ
"Көкөніс егумен айналысқаныма 2 жыл болды. Егер дұрыс қараса қарбыз егуде пайда көп. Өткен жылы қияр, қызанақ қосып 7 гектарға ексем, биыл 25 гектарға қауын-қарбыз ектім" , - дейді ол.

Мұнайшы биыл бау-бақшасының аумағын кеңейтіп, 20 гектар жерге қарбыз, 5 гектарға қауын еккен. Гектарына 30-40 тоннадан өнім алды. Өнімді өсіруге 8 млн теңге жұмсаған. Айтуынша, бүгінде шығынын өтеп,​ 2-3 есе пайда тапқан.​ "Кримсон Свит" сұрпын арнайы Америкадан алдырған. Қарбызды өсіруге пестицидтер қолданылмағандықтан экологиялық таза өнім хош иісті, дәмі де тіл үйреді. Қарбыздың үлкені 22 келіге дейін барған.

Ақтөбелік мұнайшы
Фото: NUR.KZ

Мұнайшының қарбыздарына Ресей қалалары мен Ақтөбе, Орал аймақтарынан сұраныс жоғары. Қарбызды көтерме бағамен келісін 50 теңгеден береді.

"Қасыма ауылдың жас балаларын жұмысқа алдым. Оларға күніге 3 мыңнан айына 90​ мың теңге төлеймін. Келесі жылы соларға көмек ретінде 5 гектар жер егіп бергім келеді. Өнімін өздері алады.​ Жастарды ауыл шаруашылығымен айналысуға шақырамын. Қазір мемлекетте неше түрлі бағдарламалар бар. Пайдалану керек" , - дейді Ерлан Алмағанбетов.

Ауылдың танымал кәсіпкеріне айналған мұнайшы​ келесі жылы қарбыз егу аумағын 40 гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1875150-mnajdan-emes-saruasylyktan-bajydym-aktbelik-mnajsy-karbyz-egip-milliondap-pajda-tapkan/

pixel