Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Босанатын күні бомба түсті": Сириядан оралған әйел көрген сұмдығын жайып салды

Опубликовано:

Сириядан оралған әйел
Фото: KAZ.NUR.KZ

Елордалық Әсел Әлиева - 2019 жылы "Жусан" операциясымен елге оралғандардың бірі. Ол 19 жасында Түркия арқылы Сирияға барып, сол жақтағы соғыста бір аяғынан айырылған кавказдық жігітке тұрмысқа шығады. "Ислам дінінен, Сириядағы өмірден еш хабарым болмады. Елден намаз оқығанымды қабылдай алмаған анама ерегесіп кетіп қалдым" деген Әселмен KAZ.NUR.KZ тілшісі әңгімелесті.

"Мен 2014 жылдың сәуір айында ислам дінін қабылдадым. Дінге келуіме әлеуметтік желінің үлкен әсері болды. Менің интернеттегі достарымның көпшілігі Шешен және Дағыстан өкілдері болатын. ВКонтакте желісінде "Кавказдық стиль" деген топ болатын, онда дін туралы дәріс айтатын арнайы уақыт бар.

Мен өзім де байқамай, сол әңгімелердің жетегіне еріп кеттім. Ондағы достарым маған: "Мүмкіндігінше тезірек намаз оқып үлгер, әйтпесе кеш болады" деп асықтырды. Одан бөлек, "Омар-Ибн Аль Хаттаб" туралы фильмді көруге кеңес берген еді, сол фильмді көргеннен соң екінші тынысым ашылғандай болды. Бес уақыт намаз бастап, орамал тағуға деген құштарлығым да арта түсті. Осылайша діннен еш хабарым болмаса да, намаз оқуды бастадым", - деді ол.

Әселдің ислам дініне тереңірек бет бұрғанын анасы мен өзге туыстары мүлдем қабылдай алмаған. Ал әкесі болса, қыздың 5 жасында отбасын тастап, ажырасып кеткен. Айтуынша, оның Сирия асып кетуіне жақындары тарапынан болған түсініспеушіліктер мен жат ағым әсер еткен.

"Намаз оқып жүрген кезде, "Артем" базарында жұмыс істейтін бір қызбен таныстым. Сол кезде менің туыстарым үшін намаз оқып, орамал таққаным үлкен соққы боп жүрген еді. Олар маған моральдық тұрғыдан түрлі қысым көрсете бастады.

"Артемдағы" қыз болса, менің қатты қиналып жүргенімді пайдаланды. Себебі, күйзелісте жүрген күндердің бірі ол менен: "Сирияға барғың келе ме?" деп сұрады. Мен бірден "Иә, барғым келеді" дедім. Ол кезде айналама деген өкпе-реніш жиналып қалған, бәрінен баз кешіп, алысқа кеткім келетін. Содан жаңағы құрбым маған: "Біраз уақыт күт, сосын саған не істеу қажеттігін айтамын" деді.

Ол кезде небәрі 19 жастамын, ойымда ештеңе жоқ еді. Колледжден кейінгі оқуымда жайына қалды. Бар ойым хиджаб алу еді. Ал маған үйдегілер хиджаб пен ұзын көйлекке ақша бермейді. Содан сол заттарды алу үшін "Хан Шатырға" сатушы болып жұмысқа орналасып, құрбымның қашан кетуге болатынын айтатын уақытын күтіп жүрдім", - дейді Әсел.

Осылайша, албырттықпен шетел асуды жоспарлаған Әсел 2014 жылдың шілде айында анасына Сирияға кетіп бара жатқанын хабарлама арқылы жазып, Түркия шекарасы арқылы соғыс аймағына өтіп кетеді.

"Қазақстаннан Түркияға келдім. Сосын арнайы жол бастаушылар Сирияға өткізіп жіберді. Жолымның шығынына діндегі таныстарым көмектесті, кейбірін мен сияқты Сирияға баратындарға қолдау көрсететін арнайы қорлар көтеріп алады. Бәрі кинодағыдай тез-тез болды.

Сирияда 5 жыл өмір сүрдім. Алғашқыда тұрмысқа шықпаған қыздар отыратын бөлек үйде отырдым. Бойдақ қыздар бар екенін естіген бойда жігіттер сонда құдаласуға келеді. Мен Шешенстан немесе Дағыстан жігітіне тұрмысқа шыққым келетінін айттым. Содан Ресейден келген кавказдық жігіт маған құда түсті. Күйеуім менен 10 жасқа үлкен. Ол Сириядағы соғыста жүріп, бір аяғынан айырылған.

Ол жақта қызым 2018 жылы аштық кезінде дүниеге келді. Және оны босанатын күні біз тұрған жерге бомба түсіп, жолдың бәрі шашылған әйнектен көрінбей тұрды. Өзбек акушер әйел болатын, мен мотоциклмен соның үйіне бардым. Босанған кезде қатты қиналдым, дала аяз, біз жатқан бөлмеде терезе де жоқ. Жұқа целлофандар мен ескі жапқыштарды іліп қойған. Өлместің күнін көріп жүрдік",- деді ол ағынан жарылып.

Әсел Сирияда болған уақыт аралығында анасымен байланысын үзбеген. Ол 2017 жылы ғана ондағы әділетсіздіктерді көріп, елге қайтудың жолын іздеген.

"Тұрмысқа шыққан соң тамақ жасайсың, үйден ешқайда шықпай отырасың. Күйеуіммен орыс тілінде сөйлесетінбіз, көршілеріміздің бәрі сириялықтар. Кейін барып қана ол жақтағы мұсылмандардың біз ойлағандай емес екенін біле бастадым. 2019 жылдың наурыз айында омыраудағы қызыммен күрдтердің қолына тұтқынға түскен кезде, бірден анама "мені мына жерден алып кетші" деп хабарлама жаздым. Кейіннен Қазақстан өз азаматтарын алып кетеді деген хабар келді. Алғашқыда онша сеніңкіремедім. Қазақтар келген кезде біртүрлі сезімде болдым. Түрі, тілі сенікі, бірақ бөтенсіну болды. Бес жыл оңай уақыт емес",- деді Әсел Әлиева.

Әсел қазіргі таңда кішкентай қызын балабақшаға беріп, өзі Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығындағы тігін шеберханасында бетперде тігумен айналысып жүр. Ол тіккен бетперделерді әкімдік халыққа тегін таратады.

"Бұл жаққа келгенде жақындарыңның қолдауы маңызды рөл атқарады. Алғашында анам екеуміздің арамызда түсініспеушіліктер болған, қазір бәрі жақсарып келе жатыр. Одан бөлек, біздерге мемлекет бар жағдайды жасауда. Ай сайын әкімдік тарапынан қажетті азық-түлік, қаржылай көмек, моральды, психологиялық тұрғыдан қолдаулар беріліп тұрады.

Орталыққа жұмысқа да мемлекет орналастырып отыр. Бүгінгі қоғамның өміріне тез бейімделіп кеттім. Енді еліміздің бірде бір азаматы Сирия асып, біз көрген өмірді көрмесе екен деп тілеймін. Себебі, Қазақстанға келгелі көп нәрсенің қадірін білдім. Тіпті, қарапайым ғана еркіндік, тыныш ұйқы мен бір тілім нанның өзі қандай қадірлі?

Сондықтан жастарды адаспауға, өз елінің қадірін білуге шақырамын. Қайда жүрсең де, кім болсаң да сен тек өз еліңе ғана керексің. Бар бақытты осыннан-ақ табуға болады", - деп аяқтады ол әңгімесін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1875169-bosanatyn-kni-bomba-tsti-siriadan-oralgan-jel-krgen-smdygyn-zajyp-saldy/

pixel