Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Халықтың кредиті кешіріле ме: Мамандар жауап берді

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Тура бір жыл бұрын дәл осы уақытта Тоқаев тапсырған кредиттік рақымшылық науқаны аяқталып жатқан еді. Ол кезде қиын жағдайға тап болған көптеген адамның 300 мың теңгеге дейінгі қарызы кешірілген. Несиенің айыппұлдары мен өсімпұлдарын да алып тастады. Осы жолы коммунист депутаттар тағы кредиттік рақымшылықты өткізу керек деп санайды. Себебі, коронавирустың салдарынан халық қайтадан қиын жағдайға тап болды. Осы орайда отандық экономистер де кредиттік рақымшылықтың тиімділігі туралы айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық мемлекетте халықтың несиелерін толығымен кешіруге мүмкіндік жоқ деп санайды. Себебі, бүгінде тұтынушылық кредиттердің көлемі аз емес.

"Өткенде тұтынушылық несиелердің жалпы көлемі 4,5 триллион теңге болған. Жалпы биылғы бюджет шығындары 14 триллионға жетті. Демек, халықтың қазіргі кредиттері соның үштен бір бөлігі болып тұр ғой. Ал шығындардың ішінде жол жөндеу, аурухана мен мектеп салу, әлеуметтік төлемдер және тағы басқа қаржы түрлері бар. Осының бәрін тоқтатып қойып, несие кешірген қисынсыз. Мемлекетте тұтастай халықтың кредитін кешіріп тастауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан үкімет ондай қадамға бара алмайды", - дейді ол.

Сарапшының ойынша, кредит алғандардың көбісі қаржыны тойға, смартфон немесе тұрмыстық техника алуға жұмсаған. Енді осы кредиттердің бәрін бюджет есебінен жауып тастаған дұрыс емес. Дегенмен, үкімет бұған дейінгі рақымшылық сияқты қарыздың бір бөлігін кешіруі мүмкін. 

"Менің ойымша, үкімет осы жолы да кредиттік рақымшылыққа баратын сияқты. Алайда өткен жылдың көлемі болатын шығар. Одан сәл көбірек болуы да мүмкін. Мысалы, былтыр 300 мың теңгеден жалпы 105 миллиардтың кредиті кешірілсе, осы жолы 200 миллиардтан аса қоймайтын секілді", - деді Мақсат Халық.

Ол мамандар осы бастаманың саяси астары да бар деп санайтынын атап өтті. Себебі алда – мәжіліс сайлауы. Саяси доданың алдында партиялар ұпай жинауға тырысады. Үкімет те өз беделін түсірмеуге күш салады.

"Иә, үкімет ұпай жинау үшін осы бастамаға баруы мүмкін. Бірақ экономист ретінде айтарым, ондай шараны өткізген дұрыс емес. Өйткені, мемлекет халықтың кредитін кешіре берсе, халық оған үйреніп қалады. "Бәріне бірдей кешірсін!" деген талап қояды. Солай, адамдар несиесін төлемей жүре береді", - дейді экономист.

Мақсат Халықтың ойынша, жас ұрпақ та "кредит алуға болады екен, артынан оны мемлекет жауап береді" деген көзқараспен өседі. Болашақта ондай психологияның салдары көп болады, дейді сарапшы.

"Мысалы, Грузия халықтың кредитін 500 миллиард теңгеге кешірді. Сонда былтыр біз кешірген сомадан бес есе көп болып тұр ғой. Алайда Грузияның кешірген кредиттері ұзақ уақыт бойы төленбей қалған проблемалық қарыздар екен. Соның бәрін банктің есепшотында ұстаған тиімсіз. Сондықтан бәрін кешіре салған", - деп атап көрсетті Халық.   

Ulagat Consulting Group компаниясының директоры, экономист Марат Қайырленов те кредиттік рақымшылықты өткізуге болады деп отыр. Алайда коммунистер ұсынған қаржы көздерін іске асырған қиын. Өйткені, олар артық табыс пен мұраға қалған мүліктің салығын арттырып, соның есебінен кредиттерді кешіруге болады деп санайды.

"Қазіргі салықты уақытында жинай алмай отырғанда оның көлемін тағы арттырған қиын болатын сияқты. Сосын депутаттар шетелдік IT-компаниялардан 3 проценттік цифрлық салық жинайық дейді. Оны да іске асыру оңай емес. Негізі, ондай бастаманың пайдасынан гөрі зияны көп", - дейді Қайырленов.

Одан бөлек, коммунистер жеке тұлғалар мен компанияларға шетелге ақша аударғаны үшін 10 проценттік дифференциалды салық салып, одан түскен ақшаны да кредиттік рақымшылыққа жіберуді ұсынып отыр.

Марат Қайырленовтің ойынша, бұндай бастама шетелдік инвесторлар үшін тиімсіз болады. Негізі, қосымша қаржы көздерін басқа жерден де табуға болады.

"Мысалы, екі жылдай бұрын қаржы министрлігі Қытаймен арадағы саудаға қатысты екі жақты статистиканы салыстырып көрген. Сол кезде 1 триллион теңгенің айырмашылығы бар деп айтқан. Демек, осы ақшаға 20 процентік салық салған күннің өзінде бюджетке жылына 200 миллиард теңге түсетін еді. Басқа елдермен сауда-саттықта да өзара есептің айырмашылығы көп. Соның бәрін анықтап, салық салса, кредиттік рақымшылыққа жететін біраз ақша шығады", - деп атап көрсетті Қайырленов.

Осы орайда ол экономист Айман Тұрсынханның Алматыдағы базарларға жүргізген зерттеуін де еске алды. Мамандар бір базардың өзінде миллиардтаған доллардың айналымда жүргенін анықтаған. Ал бюджетке төленген салықтың көлемі мардымсыз.

"Сонда экономиканың дәл осы секторынан салық мүлдем түспейді деуге болады. Міне, осы жерден қосымша қаржы көздерін табуға болады. Соның есебінен кредиттік рақымшылықты өткізуге мүмкіндік бар", - деп атап көрсетті Қайырленов.

Еске салсақ, бұған дейін біз баспана алу мақсатында зейнетақының бір бөлігін алу үшін 30 жастағы қазақстандықтың табысы қандай болу керектігін жазған болатынбыз.

Одан бөлек ипотекамен үй сатып алу үшін алғашқы жарнаға қанша ақша қажеттігін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1875193-halykty-krediti-kesirile-me-mamandar-zauap-berdi/

pixel