RU

COVID-19: Отандық вакцинаны салғызатын еріктілерге қанша теңгеден төленеді

Тәжвирус1
Көрнекі фото: piqsels.com

Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның клиникалық сынағына қатысатын еріктілерге 200 мың теңгеден төленеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Азаттық рухы" сайтына сілтеме жасап.

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, отандық вакцинаны салғызуға ниет білдірген жүздеген адамның ішінен зерттеудің бірінші фазасына 44 ерікті іріктелген.

"Еріктілер 18-50 жас аралығында, коронавирус анықталмаған, COVID-19 жұқтырғандармен байланыста болмаған, жүкті емес, бала емізбейтін, еш жерде тіркеуде тұрмаған болуы керек. Еріктілерге бірінші және 21-күні вакцина салынады. Олар бақылауда болады, әр жеті күн сайын тиісті анализдер тапсырып отырады", - деді комитет төрайымы.

Оның айтуынша, клиникалық сынақтың екінші кезеңіне 200 адам қатысады. Бұл фаза 42 күнге созылады. Ал қараша айында басталатын үшінші сатыда үш мыңнан астам волонтерге вакцина салынады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 19 қыркүйектегі статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтайтын ПТР сынама тағы 63 адамнан оң нәтиже көрсетті. Елімізде пандемия басталғалы бері 107 262 қазақстандық коронавирус инфекциясын жұқтырып алды. Олардың 101 877-сі қауіпті дертті еңсеріп, толығымен айығып шықты.

Еске сала кетсек, күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында карантин шектеулері жеңілдетілді. Елордалық бас санитар дәрігер тиісті қаулыға қол қойды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875235-covid-19-otandyk-vakcinany-salgyzatyn-eriktilerge-kansa-tegeden-tlenedi.html