Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау облысында жұмбақ жағдайға қаза тапқан фермер туралы тың дерек шықты

Опубликовано:

Фото
Фото: Ақ Жайық

Атырау облысы Құлсары қаласында Қандықол қарақшылардың қолынан қаза болған Нұралы Нұртілеуовті ағайын-тумалары мен таныстары соңғы сапарға шығарып салды. Жаназаға халық көп жиналды деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Ақ Жайық газетіне сілтеме жасап.

Бұл қаза Нұралының отбасы мүшелерін қатты есеңгіретті.

"Шаруашылықты әкем екеуміз жүргіздік, мен оның сенімді серігі болдым. Әкемнің денесін жер қойнына берсек те әлі де сене алар емеспін. Ешкімге қылдай жамандығы жоқ, қиянат жасап көрмеген жанды қолдары қалай барып өлтірді деген ой басымнан кетер емес, - дейді марқұмның ұлы Қосай.

Оның сөзінше, әкесінің өліміне кінәлі адам қыстақтан 7-8 км жерде тұрады екен.

"Көрші болғандықтан малымыз бірге жайылатын. Биыл наурызда 8 жылқымыз аяқастынан жоғалып кетті. Біз аудандық ІІБ-не арыз да бердік, кімнен күдіктенетімізді де қоса айттық. Бірақ малдың анық дерегі шықпады. 6 қыркүйек күні кешке әкем анамнан мені сұраған. Ал мен сол күні шаруаммен Ақтауға кетіп қалғанмын. Кешке көрші қой бағып отырған шаруалар әкемнің күдіктінің үйіне қарай кетіп бара жатқанын көрген. Содан әкем із-түссіз жоғалып кетті", - дейді Қосай.

Келесі күні Нұралының отбасы полицияға оның жоғалып кеткенін хабарлап, құтқарушы, еріктілер болып, бірнеше техникамен даладағы сай-саладан іздестіру жұмыстары жүреді. Тіпті із кесуші иттер мен тікұшақтар да пайдаланылды. Бірақ іздеу жұмысы нәтиже бермеген.

"Мен Ақтаудан 8-қыркүйекте келдім. Таңнан бастап іздеп шықтым, сонда күдіктінің қыстағы маңынан әкемнің мотоциклінің ізін байқадым. Ізін қуалағанда оны жүк көлігіне тиелгені анықталды, онда адамның іздері де болды. Сол маңдағы шұңқырдан мотоцикл отырғышына төсейтін көрпеше, әріректе ұялы телефонның сынықтары табылды. Ал күдікті қыстағынан 40-50 метр жерден бос патрон тауып алдық. Ал мотоциклді біздің қыстақтан 70 км жердегі иесіз қыстаққа тастап кетіпті, онда қанның іздері болды.

Бір сұмдықтың болғаны анық еді. Сосын амалсыздан аудандық әкімшілік алдына жиналып, полиция қызметіне наразылық білдірдік. Көп кешікпей күдіктінің жиені ұсталып, кейін қаскөйдің өзі де қолға түсті. Ал әкемді құдықтан өлі күйінде тапты. Қаскөйлер оны өлтіріп, құдыққа тастап, денесін топырақпен жауып кеткен, сондықтан табу қиынға соқты", - дейді Қосай.

Фото
Фото: Ақ Жайық

Марқұмның ұлы әкесі мен күдікті арасында осыған дейін жанжал болғанын жасырмады.

"Сегіз бас жылқысынан айрылып дала кезіп іздеп жүргенде көршінің қыстағындағы алабай иті әкеме шапқан. Қас қылғанда, мотоциклдің шынжыры шығып кетіп тұрып қалады. Сол кезде итке таланудан қорғанып, амалсыз мылтықпен оны атып тастайды. Ит өліп қалады", - дейді Қосай.

Сонымен қатар, Нүралының қызы да бұл оқиғаның қалай өрбігенін суреттеп берді.

"Көктемде біз қыстақта әке-шешеммен шай ішіп отырғанбыз. "Ей, Нұралы" деген дауыс естілді. Әкем шығып кетті. Итін сұрай келген көрші екен. Әкем болған істің мән-жайын түсіндіріп, өзін-өзі қорғау үшін сондай әрекетке барғанын айтып, кешірім сұрады. Бастапқыда екеуі жай сөйлесіп отырған, кейін дауыстары қатты шыға бастады. Соңында көрші дауыстап "Нұралы, мына оқ сенің ажалың болады. Малыңды барсакелмеске айдап апарып тастаймын" деп шығып кетті, - дейді Сырымгүл.

Марқұмның нағашысы Зайнулла Шапипуллин болса, күдікті Нұралының дәл кеудесінен оқ атқанын жеткізді.

"Мен мәйітханаға кірдім. Нұралының денесін көрдім. Каскөй дәл кеудесінен атқан екен, оқ тесіп өтіпті. Денесінде көгерген, қанталаған жерлері болды. Негізі Нұралы бірер адамға әл бермейтін қайратты еді, қарсыласқан болар. Екі адам қамалды дегенмен тағы да қатысты адамдар болуы мүмкін ғой. Бізге жұмбақ тұстары көп. Тергеу құпиялы болғандықтан ештеңе айтпай отыр", - деді ол.

Айта кетейік, Нұралы мен Базаргүл 1992 жылы отау құрған. Отбасында бес қыз, бір ұл дүниеге келді. Қыздарының алды тұрмыс құрып, ұлы үйленсе, баланың кішісі бес жаста.

Оның еңбекққор, ақкөңіл, жақсы әке болғанын зайыбы Базаргүл де қамыға жеткізді.

"Іс ақырына дейін жетіп, қаскөйлер тиісті жазасын алса болды. Біздің енді сұрайтынымыз сол", - дейді ол. 

Фото
Фото: Ақ Жайық

Осы жағдайға қатысты Жылой аудандық полиция департаментінің басшысы Ерболат Досмағұлов пікір білдірді.

"Фермер Нұртілеуовтың жоғалуына байланысты арнайы тергеу тобы құрылды. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде жәбірленушінің қасақана өлтірілген денесі табылып, 1967 және 1982 жылғы екі күдікті қамауға алынды – екеуі де Құлсары қаласының тұрғыны. Сараптама тағайындалды,. Қылмыстық кодекстің 99 ("Кісі өлтіру") бабы бойынша сотқа дейінді тергеу жүргізілуде", - деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін жоғалып кеткен ферма иесінің жақындары Атырау облысы Жылыой ауданы әкімдігінің алдына жиналып, полицейлердің ер адамды іздестірмей жатқанына шағымданған болатын.

Кейінірек жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен оның денесі табылды.

Нұралы Нұртілеуовтің жақындары ер азаматты жергілікті мал ұрысы өлтірген болуы мүмкін екенін алға тартты.

Олардың сөзіне сенсек, мал ұрысы талай қылмыс жасағанымен, жазадан құтылып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1875291-atyrau-oblysynda-zmbak-zagdajga-kaza-tapkan-fermer-turaly-ty-derek-sykty/

pixel