Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қиялыма қанат бітірді": «Zhas Project» жобасы туралы не білесіз

Опубликовано:

Zhas project
Фото: Zhas project

«Zhas Project» жобасының шеңберінде Сарыөзек ауылының тұрғындары тегін бетперделермен қамтамасыз етілуде

«Армандадым! Ұсындым! Іске асырдым!», - Әйгерім Тұрағалды Zhas Project жобасының қолдауымен бүгінде жеке ісін ашып, өрге дөңгелетіп отыр. «Жылулық» жобасы Алматы облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында жүзеге асырылуда. Мақсаты – әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы кезінде мұқтаж жандарды бетперделермен тегін қамтамасыз ету.

Әйгерімнің негізгі мамандығы - педагог. Қазір бала күтіміне байланысты үйде отыр. Кішкентайынан тігіншілікке үйір болып өскен. Сөйтіп, 2019 жылы үш айлық тігу және пішу курсын тәмәмдап, кәсіпкерлік жолға түседі. Алғашқы тренинг сабақтардан өтіп, тест тапсырып, жақсы көрсеткішпен аяқтайды.

Бұл ретте оған «Zhas Project» жобасының менторы Айгүл Рахимова қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеді. Оның айтуынша, осындай маңызды жобаны қолға алған Әйгерім алғашқы кездесуде-ақ өзінің жауапкершілігі мол, сенімді адам екенін көрсеткен.

Zhas project
Фото: Zhas project
«Әлемде орын алған індет елдің барлығын әбігерге салды. Кішкентай баладан, еңкейген қартқа дейін дәріханадан бетперде іздеп әуре-сарсаңға салынды. Осы жылы Жастар корпусын дамыту жобасы біздің оңірде іске асырылып, қазіргі кезде мен менторлық етіп жүрген «Жылулық» атты топ бетперде тігу жобасын ұсынып, қайтарымсыз 1 млн теңге грант ұтып алды. Бұл жоба қазіргі кезде ең керекті әрі өзекті болып табылады. Осы күнге дейін бір ғана кездесу өткізілді. Соның өзінде Әйгерімнің жоба жетекшісі ретінде өте жауапкершілігі мол, еңбекқор, көшбасшылық қасиетін байқадым», - дейді ментор Айгүл Рахимова.

Бастапқыда жоба аясында төсек-жабдықтар, көрпе-жастық, төсеніштер тігу жоспарланған болатын. Гранттың бірінші траншы керек-жарақтарды, оның ішінде тігін машинасын, маталар мен ине-жіп алуға жұмсалды. Бірақ коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты ауылдағы дәріханада бетперделер тапшы болды. Қазақ халқы ауыр жағдайға душар болған жерлестеріне әрқашан жәрдемдесіп келген.

Сондықтан «Zhas Project» қатысушылары «Жылулық» жобасы аясында бетперделерді қолдан тігіп, тегін таратуға ұйғарады. Стерильденген масканы бір емес, бірнеше рет пайдалануға болады. Осылайша, биыл тамыз айында ауылдағы мұқтаж отбасылар 100-ден аса бетпердемен қамтамасыз етілді.

«Менің ойымша, ең алдымен жобаны бастау үшін әрбір адамға күш жігер мен сенім керек. Қалғаны ниетіңе байланысты орындалады. Әрине, жоба басталғанда мойнымда ауыр жүк тұрғандай күй кештім. Қорқыныш та болды. Бірақ жұмыс қызып, жоспарды орындауға кірістік. Нәтижеге қолжеткізу үшін тынбай еңбек еттік. Ал жемісін көргенде бойымызды бір мейірімділік қасиеті баурап, керемет сезімге бөлендік. Оның үстіне, «Zhas Project» жобасына қатысушыларға жобаны жүзеге асыру бойынша ай сайын есеп өткізген соң шәкіртақы төленеді. Бұл жұмыссыз жүрген жастарға және әлеуметтік осал топтардың мүшелеріне көрсетілген үлкен қолдау болып табылады», - дейді Әйгерім Тұрағалды.

«Жылулық» жобасын жүзеге асыруға 4 адам тартылған. Әрқайсысының нақты міндеттері белгіленген. Бірі тігумен айналысса, екіншісі пішу жұмыстарын тындырады, дайын бетперделерді булау тағы біріне жүктелген. Ал топтағы жалғыз жігіт Әбдіманап Төлеген құжаттарды реттеп, іс-шараларды ұйымдастырады.

«Ауылымыздың әрбір тұрғынының денсаулығы біз үшін маңызды. Әрине, жобаны ары қарай жалғастыру - нақты мақстымыздың бірі», - дейді топ мүшелері.

Коронавирустың таралу қаупі әлі де сейілген жоқ, сол себепті жоба алдағы уақытта өз маңыздылығын жоғалтпайды. Ал егер елімізде тағы да карантин жарияланса, өнімге деген сұраныс арта түспек. Осындай қиын-қыстау кезеңде жоба авторлары әлеуметтік осал топтағы мұқтаж отбасыларға қол ұшын созуды, індеттің алдын алуға атсалысуды парыз деп санайды. Жобаның ерекшелігі де осы.

«Жас проджект мен үшін арманымды орындаған жоба десем болады. Яғни осы жобаның арқасында жоспарларым іске асып, жұмыс істеп жатырмын. Жобаның өміріме өзгеріс әкелгені де рас. Қиялыма қанат бітіп, армандарым орындалды. Өзіме деген сенімім артып, көптеген дүниенің қолымнан келетінін түсіндім», - деп сөзін аяқтады Әйгерім Тұрағалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1875331-kialyma-kanat-bitirdi-zhas-project-zobasy-turaly-ne-bilesiz/

pixel