RU

Текелі әкімі қарамағындағы қызметкердің жемқорлық әрекетіне байланысты қызметінен кетті

Текелі1
Бақтияр Өнербаев. Фото: instagram.com/bakhtiyar_unerbayev

Алматы облысы Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев қызметінен кетті. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі ресми парақшасында айтты және өтінішін Алматы облысының әкімі мақұлдағанын атап өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Мен Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңына сәйкес, заң үстемдігін құрмет тұтатын азамат ретінде өз еркіммен отставкаға сұранып, өтініш жаздым", – деп жазды Бақтияр Өнербаев.

Текелі қаласының бұрынғы басшысы атап өткендей, ол бұл қызметті 2016 жылдың қарашасынан бастап атқарып келеді.

Әкім "Жер Жәнәтті Жетісудың” жауһары болған – Текелі қаласында әкім болып қызмет еткенін үлкен мәртебе санайтынын жеткізді. Бақтияр Өнербаевтың айтуынша, ол қала игілігіне, өсіп-өркендеуі мен дамуына халықпен бірге қоян-қолтық жұмыс атқарған.

"Әрине, әлі күнге дейін көптеген мәселелердің түйіні шешілмегені мені де мазалайды. Бір қуантатын жәй – Текелі қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болған – су мәселесі жартылай шешілді, енді жалғасын таппақ. Екіншісі – экологиялық мәселе, яғни, қорғасын-мырыш зауытының қала ортасындағы жатқан өндірістік қалдығының рекультивациясы жобасы басталды, жылдың соңына дейін аяқталу қажет", – деп жазды экс-әкім.

Өнербаев оған сенім артып, қолдау көрсетіп, қаланың көркейтуге көмектескен қала тұрғындарына шексіз алғысын білдірді.

"Текелі қаласы мен үшін өте ыстық мекен. Келешекте жиі келіп, қаланы көркейтуге өз үлесімді қосуға дайынмын", – деп жазды бұрынғы әкім.

Сондай-ақ, ол бұл қала Қазақстанның ең дамыған туристік орталықтарының біріне айналады деген сенімін білдірді. Жазбасының соңында шенеунік барлығына денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Еске салсақ, бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Текелі әкімі аппараты басшысының ведомство өкілдерінен қашып құтылмақ болғанын мәлімдеген еді.

Ол ізін жасырмақ болып өзенге секірген. Қызметкерлер күдіктіні судан алып шығып, тұтқындағаны туралы жазған едік.

Басшы сот үкімімен кінәлі деп танылып, оған 15 миллион теңге айыппұл салынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875416-tekeli-kimi-karamagyndagy-kyzmetkerdi-zemkorlyk-reketine-bajlanysty-kyzmetinen-ketti.html