RU

Қазақстандағы құс тұмауы: облыстар арасындағы шекаралар жабыла ма

блок-бекет 65468
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

COVID-19 пандемиясы аясында құс тұмауының таралуы қазақстандықтарды мазалағаны белгілі. Көбісі ауру тіркелген өңірлердің карантинге жабылуынан қауіптенуде. Бұл сұраққа ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифинг барысында қазіргі уақытта құс тұмауының төрт облыстағы бірнеше ауылдарда тіркелгенін атап өтті.

Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысындағы бір ауылдық округ, Павлодар облысындағы үш ауылдық округ және Қостанай облысындағы екі ауылдық округ.

Сонымен қатар, қазіргі сәтте зертханалық зерттеулер жүргізілуде. 23 қыркүйекте Қарағанды облысы Нұра ауданындағы ауылдық округ бойынша нәтижелер белгілі болады.

"Зертханалық зерттеулер нәтижесі бойынша, жоғары патогенді құс тұмауы расталған жерлерде ветеринарлық бақылау комитеті құс өнімдерін тасып шығаруға шектеулер енгізді. Бұл вирустың басқа аймақтарға тарауына жол бермейді", – деді Исаева.

Кейінірек ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі құс тұмауы анықталған өңірлердің карантинге жабылмайтынын мәлімдеді. Ондай елді мекендерден тек құс өнімдерін тасып шығаруға тыйым салынады.

Бұған дейін ауыл шаруашылығы вице-министрі онлайн-брифингте елде құс тұмауының таралу себебін айтып берген еді.

Гүлмира Исаеваның айтуынша, эпизоотикалық сараптама барлығы қазіргі уақытта солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударып жатқан жабайы құстардың өлімінен басталғанын көрсетті. Сонымен қатар, ол құстардың инфекциясы ортақ су объектілерін пайдалану салдарынан болғанын баса айтты.

Еске салсақ, құс тұмауы өршіген еліміздің солтүстігіндегі құс фабрикалары жұмыссыз қалуы мүмкін. Кәсіпорындарда күн сайын он мыңдаған құс қырылып жатыр.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1875456-kazakstandagy-ks-tmauy-oblystar-arasyndagy-sekaralar-zabyla-ma.html