RU

Қарағанды облысында ұрланған көлік өртеніп кетті

Өрт көлік1
Көрнекі фото: piqsels.com

Қарағанды облысында біреудің көлігін айдап әкеткен азамат жол апатына ұшырады деп хабарлады KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

20 қыркүйек күні Қарағанды облысы Бұқар жырау аудандық полиция басқармасына 47 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны хабарласып, аудан орталығына туысының үйіне келгенде түнгі сағат 1.00 шамасында белгісіз біреу аулада тұрған автокөлігін айдап әкеткендігі туралы арызданған.

Арада біршама уақыт өткенде полицияға ауылдан шығаберісте қатты жылдамдықпен жүрген көлік аударылып, өртеніп кеткені туралы хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері өртенген ұрланған көлік екенін анықтады.

Куәгерлер көлік аударылғанда оның ішінен белгісіз азамат шығып, оқиға орнынан ізін суытқанын айтқан. Автокөліктің қатты өртенгені сондай, қайта жөндеуге жарамсыз болған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі үш миллион теңгеден асқан.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері аталған іске қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстап, оған қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 200-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, Өзбекстан астанасы Ташкентте үйленуге берген уәдесін орындамаған жігіт автокөлігінен айырылып қалды. 19 жастағы бойжеткен сүйіктісінің Lacetti Jentra көлігін өртеп жіберген.

Оған қоса, Оралда өрт сөндіру көлігі аударылып, жүргізуші мерт болды.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1875468-karagandy-oblysynda-rlangan-klik-rtenip-ketti.html