RU

Тұрмысы төмен отбасыға көмектесіп жүрген алматылық полицейге жұрт риза болды

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Алматылық полиция инспекторы Меруерт Наурызбаева екі жылдан бері тұрмысы төмен отбасына көмектесіп келеді. Ұлдарын мектепке орналастырып, мереке сайын сыйлық жасайтын тәртіп сақшысы кішкентайлардың қамқоршысына айналғандай деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Меруерт Наурызбаева Наурызбай ауданындағы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың мәселесіне жауап береді. Осыдан бір жарым жыл бұрын кезекті қоңыраулардың біріне келіп, мән-жайды анықтамақ болған. Содан бері Бөртебай Танқаевтың отбасына мейірімі түсіп қарайласа бастапты.

"Мына балалар көршінің балаларымен ұрысып қалып, полицей шақырып, осы полиция қызметкерлерімен танысып, содан бері осы Меруерт қарындас бізге көп көмектесіп тұрады. Келіп тұрады, хабар алып тұрады, көмектесіп тұрады. Карантинде де көп көмектесті", - деді қала тұрғыны.

Бөртебай Танқаев жұбайымен ажырасқанына үш жылға жуық уақыт болғанын атап өтті. Қара бастың қамын жасап, тіршілік үшін Оңтүстіктен Алматыға жұмыс іздеп келіпті. Балаларын туыстарына тастауға қимай, өзімен бірге алып шаһарға ала келдім, деп отыр.

Оның айтуынша, құшақ ашып қарсы алатын ешкім болмағандықтан, тіпті ұлдарын мектепке кіргізу де қиын шаруаның біріне айналған. Алайда, жеткіншектердің білім алып, көптен қалмауы үшін тәртіп сақшысы бұл жағдайды шешуге де ат салысқан екен.

"Мектепке осы кісі кіргізді мені. Қыста карантиндерде, жаңа жылдарда сыйлық әкеліп береді бізге", - деді Бөртебайдың ұлы Бейбарыс.

Өзінің де кәмелет жасына толмаған екі баласы бар инспектор анасынан айырылған ұлдарға мейірімін төгіп, әрқашан жылы сөздер мен тәлім тәрибие туралы айтып жүреді екен. Қазір балақайлар да бұл кісіден жатырқамайды. Тіпті, сабақтар онлайнға ауысқандықтан, дәрістен қалмас үшін мектебінен сұрап ноутбукті де уақытша үйлеріне алып берген.

"Балаларын көріп осы кісіге көмектесуге ұйғардым. Бірінші көмегім екі баласын мектепке орналастыру болды. Мектепке орналастырдым, кіші баласын балабақшаға орналастырдым. Қандай да көмегім болса осы кісілерге бірінші көмектесіп тұрамын", - деді Меруерт.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін әйелі тастап кеткен ер азамат төрт баласын өзі бағып отырғанын жазған болатынбыз.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1875526-trmysy-tmen-otbasyga-kmektesip-zrgen-almatylyk-policejge-zrt-riza-boldy.html