RU

Елімізде ұлттық тұтынушылар қауымдастығы құрылады

Үкімет үйі хабар24
Фото: 24.kz

Қазақстанда барлық қоғамдық ұйымды біріктіретін ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру жоспарлануда. Бұл туралы үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Ведомство басшысы үкіметтің қарауына еліміздегі тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесін түбегейлі жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жаңа бастамалар ұсынды. Соның бірі – ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру.

"Тұтынушылардың барлық қоғамдық ұйымын біріктіретін, өңірлерде кең таралған өкілдіктері бар Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастырған жөн. Екіншіден, үкіметтік емес ұйымдардың негізінде омбудсмен институтын құру керек", – деді Сұлтанов.

Сонымен қатар, тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктерді министрліктер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына қосу ұсынылды.

Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдардың қызметтерін бағалау көрсеткіштеріне, яғни KPI, тұтынушылар тарапынан қанағаттану мен олардың жұмыстарына сенім деңгейін енгізу жоспарланып отыр.

Премьер-министр қоғамдық ұйымдардың бірлестігін құру қажеттілігі туралы ұсынысты қолдап, бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау қажеттілігін атап өтті.

Сауда министрлігі мен ұлттық кәсіпкерлер палатасына үкіметтік емес ұйымдар базасында тұтынушыларды қорғау бойынша омбудсмен институтын енгізу мәселесін пысықтау жүктелді.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің құрылу себебін түсіндірген болатын.

Президент биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында экономика, өнеркәсіп, қаржы, әлеуметтік және басқа да салаларда түбегейлі реформалар жүргізу туралы міндеттер қойылғанын атап өтті.

Бұған дейін біз елімізде Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылғанын хабарлаған болатынбыз. Кеңес мүшелері ретінде кімдердің сайланғаны Ақорданың ресми сайтында жарияланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875577-elimizde-lttyk-ttynusylar-kauymdastygy-krylady.html