RU

"Ішпегенбіз": Қуандық Рахым мен Альбина Шардарова жаңа заңға қатысты әзілдесті

Қуандық Рахым ән салып тұр
Фото: Видеодан кадр

Қазақ эстрадасының әншілері Қуандық Рахым мен Альбина Шардарова тойда өнер көрсетіп, әртістерге қатысты шыққан жаңа заң жайында әзілдесті. Бұдан былай өнер иелеріне енді ел алдына мас күйде шығып, ерсі қылық танытуға тыйым салынған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қуандық Рахым Альбина Шардарова екеуі дуэтте айтатын әнді думанды шарада орындап жатқан видеосымен бөлісіп, жаңа заң тақырыбын қозғап өтті.

Ол Instagram парақшасына салған бейнежазбаның астына ақталғандай болып, ішімдік ішпегенін жазды.

"Ішпегенбіз бұл жерде. Содан ба аяқ баспай, қабақ ашылмай тұр. Жаңа заң" , - деп жазды ол.

Өнердегі әріптесінің әзілін түсінген Шардарова да оны қостап, видео астына пікір қалдырды. Ол "алдын ала ескерткенбіз" деп жазып қойған.

Желі қолданушылары аталмыш бейнежазбаны қызу талқылап тастап, Қуандық Рахымның әзіліне күлді.

"Енді барлық әншілер тік тұрып, билемей ән салар" , "Жаңа заң шығып, қиын болған екен сендерге" , "Қатырасыз, айтпайтын әзіліңіз жоқ" , "Бұл заң сізге қатысты емес. Сіздің ел алдында өзін ерсі ұстағаныңызды көргем жоқ" , "Күшті дуэтсіздер. Енді сізге де отбасын құру керек" , - деп жазуда көпшілік.

Айта кетейік, бұған дейін әртістерге сахнаға мас күйде шығып, бейәдеп сөйлеуге тыйым салынғанын хабарлаған болатынбыз.

Мәжіліс депутаттары әртістердің тәртібін қамтамасыз ететін заң жобасын қабылдады. Құжат бойынша енді ауқымды шаралардың ұйымдастырушылары әртістердің тәртібіне жауапты болады. Олар өнер көрсететін жұлдыздардың халық алдында өзін дұрыс ұстауын қамтамасыз етуге міндеттелмек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875606-ispegenbiz-kuandyk-rahym-men-albina-sardarova-zaa-zaga-katysty-zildesti.html