RU

"Шашынан тартып, сүйредім": Хиджабтағы оқушы қыз құрбысын не үшін сабаған

Хиджаб оранған қыз
Көрнекі фото: NUR.KZ

Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында сыныптасын сабаған хиджабтағы қыздың әрекетін білім басқармасы түсіндірді. Төбелеске Кеңқияқ, Шұбарши, Сарыкөл ауылдарындағы үш мектептің 8, 9, 10 сынып оқушы  қыздары қатысқан деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Оқиға жексенбі күні сағат 15:00- де тіркелді. Белгілі болғандай, қыздар арасындағы жанжал WhatsApp-та басталған. Бір күн бұрын үш мектептің өзара араласатын 10 қызы «Только  близких» чатын ашқан.

Жәбірленуші болып танылған 8 сынып оқушысы чаттағы қыздармен ешқашан  араласпағанын және араласқысы келмейтіндігін айтып, шығып кетеді. Ондағы қыздар себебін сұрап,  жекесіне шыққанда оларды бұғаттап тастайды. Кейін чаттан шығып кеткен қызға ер бала болып жазғанда балағаттап жіберген.

Арадағы дауды шешу үшін қыздар ауылдағы шағын дүкеннің жанына жиналады. Жәбірленушіні де ертіп шыққан. Әлеуметтік желіде қыздардың төбелесі де, кейін кездесіп, кешірім сұраған вилеолары да жүр.

"Шашынан тарттым, сүйредім. Бәріне кінәлі мен. Мен жауаптымын. Басқа қыздардың қатысы жоқ",- дейді хиджабтағы оқушы қыз желідегі видеолардың бірінде.

Білім басқармасы төбелеске қатысқан қыздар оқитын үш мектептің басшыларына қатысты шара қолданылатынын хабарлайды.

"Қыздар арасындағы төбелес бір бірінің ауыр сөздерін көтере алмаудан болған. Төбелесті өздері телефонға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшаларына салған. Жәбірленуші қыз бала дене жарақатын алмаған. Ата-аналар өзара мәмілеге келді. Зерделеу жұмыстарынан кейін үш мектептің директорларына, тәрбие жөніндегі орынбасарларына және сынып жетекшілеріне қатысты шара қолданылады. Оқушы қыздар мектеп ішілік есепке алынады, бақылауда болады",- дейді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Белгілі болғандай, Кеңқияқ мектебінің директоры қыздар арасындағы төбелестен кейін өз еркімен қызметтен кетуге арыз жазған. 

"Қазір оқушыдардың бәрі де сабаққа қатысып отыр. Екі қыз бала дін жолындағы отбасында тәрбиеленеді. Оқу үлгерімдері жақсы. Бұрын тәртіпсіздік тіркелген жоқ. Мән-жай тергеу жұмыстарынан кейін белгілі болады. Мен жаңа ғана өз еркіммен жұмыстан босатуды сұрап, арыз жаздым. Себебі басшылық қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді",-дейді Кеңқияқ ауылдық мектебінің директоры Әлия Әбдірахманқызы.

Аталған факті негізінде қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі (бұзақылық) бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

"Ата-аналарға балаларын, әсіресе жасөспірімдерді тәрбиелеу мәселесіне жауапкершілікпен қарауға және олардың жасаған құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік қарастырылғаны туралы айту қажеттігін ескертеміз. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар ауданның оқу орындарында профилактикалық әңгіме жүргізді", - деп түсіндірді Ақтөбе облысы ПД бастығы А.Ғ.Арыстанов.

Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың ата-аналарын балаларды тиісінше тәрбиелемегені үшін жауапкершілікке тарту туралы мәселесі шешілуде.

Айта кетейік, ел есінде "Кеңқияқтағы қырғын" деген атаумен қалған қанды оқиға да 5-6 жыл бұрын осы ауылда тіркелген болатын.

Оған қоса, әнші Меруерт Түсіпбаева да хиджабтағы оқушының әрекетінен жаға ұстап, оны сынап тастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875619-sasynan-tartyp-sjredim-hidzabtagy-okusy-kyz-krbysyn-ne-sin-sabagan.html