RU

Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем мен полицияға 114 автокөлік сатып алынды (фото)

Нұр-Сұлатн автопарк 1
Фото: instagram.com/altay_kulginov_official

Елордада медициналық жедел жәрдем станциясы мен полиция департаментіне 114 көлік сатып алынды. Оның 65-і полицейлерге, 14-і жедел жәрдем қызметіне берілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қала әкімі Алтай Көлгіновтің Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан әкімі жыл соңына дейін медицина қызметкерлеріне тағы 35 автокөлік берілетінін атап өтті. Бұған дейін олар 50-ден астам реанимобильмен қамтамасыз етілген.

Осылайша, жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі жылға жетпей екі жарым есе ұлғайды. (Өткен жылы желтоқсанда автопаркте 64 машина болса, қазір олардың саны – 165).

Көлгінов мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медициналық жедел жәрдем, полиция департаменті, коммуналдық қызметтер, қоғамдық көлік және т.б. автопарктерді жаңартып, толықтырып отыруға барынша көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.

"Мәселен, тұрғындар бірінші кезекте жедел жәрдем қызметіне хабарласады, олардың әрбір минуты қымбат. Медицина қызметкерлері міне, бірнеше айдың жүзі болды коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүр. Әрбір жанның өмірі үшін жанын салып, жұмыс істеп келеді. Жаңа реанимобильдерде алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жасанды тыныс алу аппараты, ингаляциялық оттегі жүйесінің жинағы; монитор-дефибриллятор; электросорғыштар; артериялық қысым, қызу, тыныс алу жиілігін өлшейтін функциясы бар реанимациялық-анестезиологиялық монитор сынды барлық қажетті жабдық бар", – деп атап өтті қала басшысы.
Нұр-Сұлатн автопарк 2
Фото: instagram.com/altay_kulginov_official

Ол маусымдық аурулар мен Covid-19 вирусын жұқтыру қаупін ескере отырып, бұл автокөліктердің тұрғындарға барынша сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін баса айтты. Індеттің өршіген тұсында жедел жәрдем қызметіне күніне 3 мыңнан астам шақырту түсіп отырды. Осы орайда автопарк машиналарының 2,5 есе артқаны жедел көмек көрсетумен қатар, медицина қызметкерлерінің де жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан әкімі медицина мамандарын резидентурада оқытуға жарты миллиард теңге бөлінгенін жеткізді.

Нұр-Сұлатн автопарк 3
Фото: instagram.com/altay_kulginov_official

Бұдан бөлек, полиция қызметінің де автопаркі 65 машинамен толықты (бұған дейін қосымша 13 автомашина берілген).

Көлгінов ТЖ режимі кезінде полиция қызметкерлерінің екі ай бойы блок-бекеттерде тәулік бойы кезекшілік атқарып, күндіз-түні тәртіптің сақталуын қамтамасыз еткенін тілге тиек етті. Қала басшысы барлық шаралардың тұрғындар қауіпсіздігі үшін жасалып отырғанын атап өтті.

Нұр-Сұлатн автопарк 4
Фото: instagram.com/altay_kulginov_official

Айта кетейік, бұған дейін Алматы полициясының күшейтілген режимге көшкенін жазғанбыз.

Оңтүстік астанада 22-24 қыркүйек күндері "Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу шарасы өткізіледі.

Сондай-ақ бұдан бұрын алматылық полиция инспекторы Меруерт Наурызбаеваның екі жылдан бері тұрмысы төмен отбасына көмектесіп жүргенін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875662-nr-sltanda-zedel-zrdem-men-policiaga-114-avtoklik-satyp-alyndy-foto.html