Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атышулы "Қарапайым Қайрат" веб-сериалы бұл жолы несімен таңғалдырмақ

Опубликовано:

Қарапайым Қайрат сериалының актерлері сұхбат беруде
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Интернетте жарыққа шыққан бойда миллиондаған қаралым жинап, көрермендер жүрегін жаулап алған "Қарапайым Қайрат" веб-сериалының екінші маусымы басталмақ. Бүгін ел назарына әзілге толы хикаяның бірінші бөлімі ұсынылады. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшілері сериалдың продюсерлары мен актерлік құрамымен тілдесіп, жаңа маусымда қандай қызықтар болатынын біліп қайтты.

Ғаламтор кеңістігін бір мезетте дүрсілкіндірген "Қарапайым Қайраттың" бірінші маусымы ауылды мекенде өрбісе, екінші маусымның сюжет желісі қалаға ауысады. Басты рөлдегі кейіпкерлер мегаполиске көшіп, түрлі қызықты әрі шытырман оқиғаларға тап болады-мыс.

Атышулы веб-сериал идеясының авторы және продюсері Сәкен Тоқтағұлов мұндай жобаны түсіру туралы ой бұрынан болғанын айтты. Оның сөзінше, хикаяның басты ерекшелігі - шынайылығында.

"Мұндай форматтағы жобаны түсіру идеясы негізі бұрыннан болды. Біз бұл веб-сериал арқылы қоғамда шынымен осындай адамдар бар екенін көрсетуді көздедік. Себебі, олар туралы бізде еш жерде көрсетілмейді, түсірілмейді. Алайда, Қазақстанда кейіпкерлеріміз секілді өмірлік нақты мақсаттары жоқ, бір күнмен өмір сүріп, ішіп, боғауыз сөздер айтып, ұсқынсыз өмір салтын ұстанатын жандар бар екені құпия емес. Басты идея - сондай адамдардың бар екенін көрсету. Қазақ тілді жоба болғандықтан, кейіпкерлердің өзара диалогтарын күнделікті өмірдегідей барынша шынайы етіп шығаруға тырыстық. Бірінші маусымда жігіттердің ауылдағы өмірін сипаттасақ, екіншісінде енді олардың қаладағы былықтарын көрсетеміз. Дәл сол кейіпкерлер қалаға көшіп барады" , - деді Сәкен Тоқтағұлов.
Сәкен Тоқтағұлов сұхбат барысы
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

- Сериалдың сценариін жазу кімнің мойнында? Көрермендер арасында асқан қызығушылық тудырған хикаяның желісін жазу үрдісі қалай өтеді?

Сценарий жазумен мен айналысамын. Бірінші маусымды Абзал Гарифуллин есімді жігіт екеуміз жазып шықтық. Ол да бәріміз секілді КВН ойындарына қатысқан. Сценарийді кеңседе бас қосып, бірге жазамыз. Бірінші маусымды біз әр бөлім сайын жазып отырдық. Себебі, бірінші бөлім пилоттық нұсқа болды. Оны нақты бекіткенше, екінші бөлімге сценарий жазып үлгеріп, бір айдан соң түсірдік. Содан кейін, ай сайын әр бөлім желісін жазып, оны таспалауды шештік. Ал, екінші маусымның сценариін бірден жазып шығып, барлық 8 бөлімін түсіріп те тастадық.

- Мұндай танымалдылықты күттіңіздер ме? Жобаның сәтті шыққанына қай бөлімнен бастап көздеріңіз жетті?

Бірінші бөлімнің бірінші минутынан бастап, желіні жарғанымызды сездік. Мұндай асқан танымалдылыққа ие болатынымызды күттік. Себебі, бұл жобаны құрмай тұрып, мен ұзақ уақыт бойы желіде мониторинг жүргіздім. Халықтың көбіне не көретінін, қандай видеолар тренд қатарына кіретінін зерттеп шықтым. Шолу барысында түйгенім: халыққа қазақ тілінде неғұрлым шынайы өмірді көрсетсең, ол жақсы қаралады.

-Сонда "Қарапайым Қайраттың" басты мақсаты өзін ерсі ұстайтын адамдардың бар екенін көрсету ме? Әлде, оларға еліктемеу ме?

Негізгі мақсатымыз - көрермендерге осындай болмау керек екенін жеткізу. Бүгінде алуан түрлі жастар бар. Солар тәрбие мен қоғамдағы мәдениетке аса қатты мән берсе, кейін өзінің ұрпағына жақсы өнеге қалдырса деген ой. Себебі, қазіргі таңда жастар қауымы ақсаңдап тұр. Осы сериал арқылы көпшілік бұл мәселеге назар аударып, бүгінгі күні өзін дәл солай ұстайтын адамдар өздерін сырттан көргендей болып, өмірлеріне айтарлықтай өзгеріс енгізіп жатар.

Сәкен Тоқтағұлов сұхбат барысы
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

- Танымалдылықпен қатар, желіде сіздерді сынап жатқандар да аз емес. "Қарапайым Қайратты" түсіне алмай, сіздерге жобаны жабу жөнінде қысым көрсеткендер болды ма?

Жоқ, бізге ешкім де қысым көрсеткен жоқ. Негізі пікірлердің басым көпшілігі тек оң көзқарасты болды. Ал, хейтерлерге келетін болсақ, меніңше, олар әрқашан болады. Ол - заңдылық. Біздің сериалда кейіпкерлер беталды, жөнсіз боқауыз сөздерді жаудырып жатқан жоқ қой. Бізде нағыз сюжет желісі бар. Онда жігіттердің достығы сипатталады. Олар қандай қиындық болмасын, оны бірге еңсеріп шығады. Өзіндік тәрбиелік мәні де осы.

-Түсірілім барысында қандай қызықты оқиғалар есте қалды?

Әр бөлімнің түсірілімінде түрлі қызықтар болды. Бәріне мәлім, "Қарапайым Қайраттың" басы-қасында жүрген азаматтардың барлығы дерлік КВН ортасынан шыққан. Сол себепті, түсірілім алаңында сансыз күлкілі жайттар болды. Олардың барлығы есте қалды. Жалпы түсірілім үрдісі бізде әрдайым көңілді түрде өтеді. Әрбір оқиғаны жеке атап өту мүмкін емес. Сериалдың әр сәті қызыққа толы болды.

-Екінші бөлімде жаңа кейіпкерлерді көреміз бе? Есентай Ниязбаев сериалға орала ма?

Иә, жаңа маусымда бір жаңа кейіпкер пайда болады. Алайда, кім екенін айта алмаймын. Маусым басталғанда көре жатарсыздар. Ал Есентайға келетін болсақ, ол енді сериалға оралмайды. Біз жалақы жағынан келісе алмадық. Алайда, достық қарым-қатынасты сақтап қалдық. Араласып тұрамыз. Бір-бірімізді көрместей болып, жауласып қалған жоқпыз.

Қарапайым Қайрат сериалының актерлері сұхбат беруде
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Белгілі болғандай, атышулы веб-сериалдың бірінші маусымының түсіріліміне 15 шақты адам атсалысқан. Оны әр бөлім сайын түсіргендіктен көп адамның күші қажет болмаған. Ал екінші маусымда қатарынан барлық бөлімдер таспаланғаннан кейін түсірілім тобы 25 адамға дейін ұлғая түскен.

Сәкен Тоқтағұловтың айтуынша, сериалды тағы да бірнеше маусымға дейін созу жоспарда бар. Алайда, ол қаралымға әрі жобаның сәтті шығуына тікелей байланысты. Продюсер бәрі ойдағыдай болса, басқа маусымдарды еліміздің өзге өңірлерінде де түсіруге ниет бар екенін жеткізді.

"Қарапайым Қайрат" сериалы басты рөлдерді сомдаған актерлерге асқан танымалдылық әкелгені сөзсіз. Оны басты кейіпкердің досын ойнаған Рауан Рамазанұлы растап отыр. Ол бұған дейін түрлі түсірілімдерге қатысқанымен, дәл осы сериалдан кейін танымалдылығы арта түскенін жасырмады.

"Әрине, "Қарапайым Қайраттан" кейін бәрі назар аудара бастады. Көшеде жүру мүмкін емес. Бәрі суретке, видеоға түскісі келеді. Танымалдылық деген шарықтап кетті ғой" , - деді ол.
Қарапайым Қайрат сериалының актерлері сұхбат беруде
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Басты кейіпкерлердің бірі Рамис Құлахметов те әріптесінің сөзіне қосылып, көшеде көпшілік айтарлықтай танитын болғанын алға тартты. Алайда, актерлар тек әзіл жанрында қалып қойғысы келмейтіндерін ашып айтты. Олар болашақта өзге бағыттағы фильмдерде бой көрсетуге құлықты болып шықты.

"Егер бұған дейін телевидениеде көрсетілетін жобаларға түссек. Енді интернет кеңістігіндегі сериал арқылы танып жатыр. Бұрындары басқа лақап атпен танитын, бүгінде басқаша. Көбіне комедиялық рөлдерді сомдап келе жатырмыз. Әрине, біз де үлкен жобаларда үлкен рөлдерде болғымыз келеді. Болашақта басқа жанрларда да бой көрсетерміз. Ұсыныстар бар.
Тағы айтып өтетінім, "Қарапайым Қайраттан" кейін шынайы өмірде өзіміз де барынша мәдениетті болуға тырысып жүрміз. Боқауыз сөздерді көп қолданбайтын болдық. Бұл жоба бізге де кәдімгідей әсер етті дей аламын" , - деді Құлахметов.
Қарапайым Қайрат сериалының актерлері сұхбат беруде
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Желіні жаулаған веб-сериалдың басты рөлін, Қайратты сомдаған Анарбай Еділ асқан танымалдылық әкелген жобадан кейін жұлдыз ауруына шалдыққаны жайлы қауесеттерге қатысты жауап берді.

"Жұлдыз ауруы дегенді білмейміз. Қандай болдық, қазір де сондай қарапайымбыз. Ауылдың балаларымыз ғой. Көшеде танып жататыны рас. Бәрімен суретке түсуге тырысамын. Сериалда бойдақ жігітті сомдасам, шын өмірде отбасылымын. Жарым, екі балам бар", - деді Анарбай Еділ.
Қарапайым Қайрат сериалының актерлері сұхбат беруде
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қарапайым Қайрат сериалының актерлері сұхбат беруде
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Белгілі болғандай, "Қарапайым Қайрат" сериалы тек Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де жақсы қаралым жинаған. Жоба жетекшілерінің айтуынша, әзілге толы хикаяны басқа мемлекетте тұратын қандастарымыз да үзбей көреді.

Қарапайым Қайрат сериалының актерлері сұхбат беруде
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Сұхбат соңында Сәкен Тоқтағұлов бүгінгі отандық кино саласына қатысты пікір білдіріп, оның басты кемшілігін атады. Продюсердің ойынша, мәселе мықты әрі білікті сценаристердің тапшылығында. Кейбірі уақыт үнемдеу мақсатында шетелдік телехикаялардың сценариін аудара салуды жөн көрсе, енді бірі сюжет желісін дұрыс келістіре алмай жатады дейді ол.

Қарапайым Қайрат сериалының актерлері сұхбат беруде
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

"Қарапайым Қайрат" ұжымы барша көрермендерді екінші маусымды тамашалап, өз бағасын беруге шақырды.

Қарапайым Қайрат сериалының актерлері сұхбат беруде
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1875694-atysuly-karapajym-kajrat-veb-serialy-bl-zoly-nesimen-tagaldyrmak/

pixel