RU

Елордада дүкен сатушысын ұрып кеткен адам ұсталды

Кісен1
Көрнекі фото: piqsels.com

Түнгі сағат екіде темекі мен ішімдік іздеген 30 жастағы жігіт дүкен сатушынысына тап беріп, оны сабап кеткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"30 жастағы елорда тұрғыны мас күйде түнгі екі кезінде дүкенге ішімдік пен темекі алуға шыққан. Дүкеннің жабық тұрғанын көргенімен карантин шараларын пысқырмаған ол есікті қағып, керегін талап ете бастаған. Өз талабының орындалмайтынын көрген ол тіпті терезені тепкілеп, сыртқа шыққан сатушыға тап берген. Осыдан кейін бұзақы қайтып кеткен", - деп хабарлайды қалалық полиция департаментінен.

Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары із суытып кетпек болған бұзақыны ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді.

Қазіргі уақытта аталған іс бойынша ҚР ҚК 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін Талдықорғанда аса қауіпті рецидивист ұсталған еді. Бірнеше мәрте ұрлық жасады деген күдікке ілінген 54 жастағы тұрғын бұрын он рет сотталған болып шыққан.

Осы жылдың сәуір айынан бастап жеке үйлерде бірнеше рет ұрлық жасалған. Оңай олжаға дәніккен азамат үй иелері кеткен сәтті күтіп, түрлі жолдармен үйге кірген екен. Ұрланған мүліктің ішінде әртүрлі тұрмыстық техника, азық-түлік және велосипед сияқты түрлі заттар бар.

"Криминалдық полиция қызметкерлері көптеген күдіктіні тексерді, ақырында Талдықорған қаласының 54 жастағы тұрғыны - аса қауіпті рецидивист анықталды. Ол он рет сотталған", – деген Талдықорған қаласы ПБ Батыс ҚПБ бастығы Айдын Аденбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875697-elordada-dken-satusysyn-ryp-ketken-adam-staldy.html