RU

Данэлия Төлешова America"s Got Talent финалында әлемді таңдай қақтырды

Данэлия Түлешова финалда
Фото: Видеодан кадр

Данэлия Төлешова America"s Got Talent атты әлемдік шоудың 15 маусымының финалында өнер көрсетіп, тыңдармандар жүрегін тағы бір мәрте жаулады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Күллі әлемге танымал America"s Got Talent шоуының финалы 22 қыркүйек күні Лос-Анджелес қаласында болып өтті.

Қазақстандық орындаушы Данэлия Төлешова австралиялық әнші Sia репертуарындағы "Alive" атты туындысын шырқап берді.

"Бұл әнді айту оңайға соқпады. Оны орындаудың өзі оңай емес. Бірақ, дайындыққа берілген уақыттың аздығына қарамастан, біз бәрібір соған тоқталуды шештік. Маған қолдау білдірген әрқайсыңызға алғыс білдіремін. Қазір қолдау аса маңызды", - деп жазды Данэлия Төлешова.

Дарынды қазақстандық жас әншінің өнер көрсеткен видеосы байқаудың YouTube пен Instagram желісіндегі ресми парақшаларында жарияланды.

Айта кетейік, музыкалық доданың финалында 10 әртіс бақ сынады. Олардың алтауы әр түрлі жастағы вокалистер болып табылады. Бұл туралы, Данэлия Төлешованың PR-директоры Татьяна Синенко айтты.

Енді жобаның алдыңғы екі турындағыдай тәулік бойы финалистерге дауыс беру үрдісі жүреді. Көптен күткен нәтижелер ертең жария болады.

Қазақстандықтар желіде отандасына барынша қолдау білдіріп, өзінің ізгі тілектерін жарыса қалдыруда. Олар Түлешованың America"s Got Talent музыкалық байқауының жеңімпазы боларына кәміл сенімді екендерін алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875735-danelia-tlesova-americas-got-talent-finalynda-n-salyp-lemdi-tadaj-kaktyrdy.html