RU

"Тыңдайтын құлақ жоқ": Мейрамбек Бесбаев Алматы басшылығына неге өкпелі

Фото
Фото: Әншінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Бесбаев Алматы қаласының басшылығына ренішін жеткізді. Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында өнердегі аға буынның арасында Алматыдан аядай мекен таппай жүрген кісілердің бар екенін жазды. Оның айтуынша, аталған мәселені көтергенімен, ешкім сөзіне құлақ аспаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

"Алматы – көшелерінде талай мықтының табанының табы қалған, ән мен жырға арқау болған алып шаһар. Бір өкініштісі, сол қаланың бұрышынан қуықтай мекен бұйырмай жүрген өнердегі біраз ақсақалдарымыз бар. Айтудай-ақ айттық. Тыңдайтын құлақ жоқ", - дейді өнер иесі.

Сонымен қатар, Бесбаев оңтүстік астанада аға буынды ардақтайтын басшының жоқ екенін алға тартты.

"Өнерпазына үрке қарайтын елде тұрып жатырмыз. Алдыңғы буын ағаларымызды ардақтайтын бір басшы табылмағаны өкінішті. Барын бағалай алмаған елдің ертеңіне сеніммен қарауға бола ма?", - деді ол.

Айта кетейік, осыдан бір жыл бұрын, 2019 жылдың қыркүйегінде Мейрамбек Бесбаев Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мәдениет саласы бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған еді.

Әнші Instagram желісіндегі жазбаларының бірінде алып шаһар басшысының жанында жүріп игі істерге куә болғанын, мәдениет саласында оң өзгерістер болып жатқанын жеткізген.

"Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын" дейді қазақ. Бақытжан Әбдірұлы қала әкімі болғалы Алматының тамырына қан жүгіре бастады. Қасында жүріп біраз игі шаралардың куәсі болдым. Аз уақыттың ішінде мыңға жуық пәтердің кілті табысталып, мәдениет саласында да оң өзгерістер болып жатыр", - деді өнер иесі.

Еске салсақ, бұған дейін Мейрамбек Бесбаев биліктен көмек сұрап, үстемақы үшін таласып жатқандардың басым көпшілігі қазақтар екеніне қынжылатынын жазған болатынбыз.

Одан бөлек әншінің қазақ тілін білмейтіндерге қатысты көзқарасы қандай екенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875820-tydajtyn-klak-zok-mejrambek-besbaev-almaty-bassylygyna-nege-kpeli.html