Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ел тұрғындарының несиесі толығымен қашан кешіріледі

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Өткен жылы осы уақытта "кредиттік рақымшылық" науқаны болып, xалықтың біразының 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешірілген еді. Ал жақында депутаттар үкіметке карантин кезінде табысынан айырылған, күрделі жағдайға тап болғандардың несиесін толық кешіруге қатысты сауал жолдады. Осы орайда білікті мамандар өз пікірлерін жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақов "егер мемлекет жылда ел тұрғындарының несиесін кешіре беретін болса, онда халық кредит алуын тоқтатпайды" деген пікірде. 

"Өткен жылы мемлекет басшысы халықтың 300 мың теңгеге дейінгі несиесін кешіру акциясын жүргізген еді. Ол бір жағынан президенттің репутациясын көтерсе, екінші жағынан Қазақстандағы ауқымды мәселе болды. Дегенмен сол уақытта бұл науқан дәстүрлі жағдайға айналып кетпеуі керек деп айтқан едім. Егер жыл сайын ел тұрғындарының кредитін кешіре беретін болса, онда халық кредит алуын тоқтатпайды. Осындай пікірлер де талқыланған еді. Яғни былтыр ол бір реттік акция болатын. Басқа уақытта осындай науқандар басқаша болуы тиіс", - деді сарапшы. 

Ол карантин кезінде ел тұрғындарының үш айға дейін банктер алдындағы несиелерінің төлемдері уақытша тоқтатылғанын атап өтті. 

"Бірақ төртінші айдан бастап үш ай бойы төленбеген проценттерді қосып, қайта есептеп, төлеп жатыр. Ол халық үшін қиын. Сол себепті мемлекет тарапынан екінші деңгейдегі банктерде халықтың кредиттері қайта қарастырылуы қажет. Яғни үш айда төленбеген қаржының үстінен жиналған "пенияларын" мемлекет кешіруіне болады. Айта кетсем, 4-5 айларда халық карантин кезіндегі айлармен салыстырғанда айтарлықтай қиын жағдайға түспеуі қажет. Себебі 3 айдың төлемеген қаржысын 4-5 айдан бастап үстіне қосып төлеу ауыр. Банк бұдан ұтылмайды, керісінше халық ұтылып жатыр. Мемлекет осы аралықтағы айырмашылықты шегеруіне болады. Бірақ банк өз қаржысы арқылы шегеретін болса, онда банк халық ары қарай төлемдерін төлеуді жалғастырғанда жақсы мүмкіндіктер алады", - деді экономист. 

Сарапшының айтуынша, банктердің саясатын өзгерту керек. 

"Заңды және жеке тұлғаларға кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу - ол мәселені шешетін дүние емес. Бұл жерде мемлекет несие бизнеске, табысқа лайықты алынбайтын болса, банктерге талапты көтеру керек. Егер несие бизнеске, табысқа алынатын болса, оларға жеңілдетілген несие берілуі керек. Яғни банктердің саясатын өзгерту қажет. Қазіргі уақытта банктер несиені бизнеске бергеннен тұтынушылық несиені бергенді жөн санайды. Өйткені банк мемлекет "гарантия", мемлекет қайтарып беретінін, халықтан алмаса да, мемлекеттен қаражаттың түсетінін біледі. Банктің өзі мемлекетке "абуза". Мемлекетке үлкен қиындық туғызып отыр. Сол үшін мемлекет банктерге шарт қоюы керек. Яғни «берілетін несиенің пропорционалды түрде 80%-ы бизнеске берілсе, 20%-ы тұтынушылық несиеге берілуі керек" деген сияқты, - деді сарапшы. 

Ол статистика бойынша экономикалық белсенді 7 млн азаматтың басында несиесі бар екенін мәлімдеді. 

"Халықтың алған кредиті 3,5 трлн теңгеге жетеді екен. Азаматтардың шамамен 7 млн-ы қарыз алған. Демек халықтың экономикалық белсендісі 9 млн болса, соның 7 млн-ы несие алған. Оның ішінде халықтың 40%-ы несиесін төлей алмай отыр. Айналып келгенде халық қарызға қайта батып кеткен. Өйткені олар бизнеске емес, кәдімгі пайдасыз дүниелерге несие алған. Сол үшін несие беретін органдарға, екінші деңгейлі банктерге, қаржылық органдарға осындай талапты көтеру керек. Айтып кеткендей, берілетін несиенің 80%-ы бизнеске, ал 20%-ы тұтынушылық несиеге", - деді Бауыржан Ысқақов.

Еске салсақ, мәжіліс депутаты еліміздегі жеке және заңды тұлғаларға ауқымды несиелік рақымшылық жасауды ұсынды. Ол өз ұсынысын карантинге байланысты көпшілік табысынан айырылғандығымен, енді адамдарға бұрын алған несиелерін төлеу қиынға соққанымен негіздеді.

Оған қоса, парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев әлеуметтік төлемдерді белгілегенде тұтынушылық қоржынды есепке алу қажет екенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1875875-el-trgyndaryny-nesiesi-tolygymen-kasan-kesiriledi/

pixel