RU

"1 шаршы метрі – 100 теңге": Әлеуметтік коттедждер кімдерге арнап салынады

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

"Нұрлы жер" бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысына арналған бағыты алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Бұған дейін пилоттық жоба аясында коттедждер жекеменшікке сатылса, енді осы санаттағы баспаналар табысы төмен азаматтарға арналып салынады. Мемлекет басшысы бұл ретте әсіресе, көпбалалы отбасыларға баса назар аударып отыр. Себебі ондай үй баспана ғана емес, қосымша кіріс көзі де бола алады деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Биылғы жолдауда президент "Нұрлы жер" бағдарламасының маңызды бір тұсына тоқталған болатын. Құжатта жеке тұрғын үй құрылысы бойынша біраз шаруа атқару қажеттігі жазылған. Мысалы, кезек бойынша жер учаскесін алып, жеке үй тұрғызуға болады. Ал құрылыс жұмыстарына бас қатырғысы келмейтіндерге дайын коттедж сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бірақ осы жұмыстың бәрін бір ғана нәрсе тежеп отыр. Ол – инженерлік желілер. Су мен электр жүйелері баяу тартылады. Ал заң бойынша жер учаскесінде құрылысты бастау үшін инженерлік желілер болуы шарт. Бұны Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өтті. Осы орайда президент үкімет пен әкімдіктерге әлеуметтік санаттағы жеке тұрғын үйлерді салу үшін коммуникациялық инфрақұрылымды тездетіп жасақтауға тапсырма берген болатын.

"Жер үй бұл баспана ғана емес, табысы төмен азаматтарға экономикалық демеу де бола алады. Әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін тиімді. Депутаттардан осы маңызды мәселенің шешілуін бақылауға алуды сұраймын", - деді мемлекет басшысы.

Ол аталған санаттағы баспанамен ауылда жұмыс істейтін азаматтарды қамту қажеттігін жеткізді. Ал арендалық үйлерді жұмыс берушілердің есебінен салып, артынан құрылысқа кеткен шығындарды субсидиялауға ұсыныс жасады.

Президенттің бастамасы іске асатын болса, ауылда жұмыс істейтін азаматтарға, әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін арендалық коттедждер салынады. Әрине, оған дейін депутаттар осы мәселені бақылауға алып, заңнамаға, атап айтқанда, "Нұрлы жер" бағдарламасына өзгерістер енгізуі керек. Себебі заңмен бекітілген норма сияқты кепілдік болмаса, жұмыс берушілер – кәсіпкерлер арендалық коттедждерді салуға бара қоймайды.  

Ал осы уақытқа дейін "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында коттедждер қалай салынды? Осы баспана қандай шарттармен сатылды? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған ақпарат бойынша, былтыр пилоттық жоба аясында үш облыста 253 үй салынған.

Атап айтқанда,

  • Шығыс Қазақстан облысында – 54 үй (жалпы ауданы 5,08 мың шаршы метр),
  • Қостанай облысында –163 үй (15,8 мың шаршы метр),
  • Павлодар облысында –  36 үй (4,6 мың шаршы метр).

Сонда ең үлкен коттедждер Павлодар өңірінде салынған тәрізді. Себебі жалпы ауданын салынған үйлердің санына бөлгенде әрбір коттедждің аумағы 127,7 шаршы метрден шығып тұр.

Ағымдағы жылы осы санаттағы баспананың саны екі есеге өсті. Ресми мәліметке жүгінсек, бүгінде республика бойынша жалпы ауданы 42,6 мың шаршы метр болатын 520 жеке тұрғын үй салынып жатыр.

  • Соның ішінде Павлодар қаласы (37),
  • Талдықорған (48), 
  • Қарасай ауданының Әйтей ауылы (320 үй, соның ішінде 200 үй 2021 жылы пайдалануға беріледі),
  • Арал қаласы (40),
  • Қазалы ауданының Әйтеке би ауылы (40),
  • Жалағаш ауылы (10) және
  • Шиелі кенті (25) бар.

Осы жолы да ең үлкен коттедждер Павлодар облысында салынады екен. Әрбір коттедждің орташа ауданы – 159 шарты метр.

Ал ең шағын жеке үйлер Қызылорда облысында тұрғызылып жатыр, әрбір типтік коттедждің ауданы небәрі 50 шаршы метр болады.

Бұның барлығы – кредиттік баспана.

Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл әкімдік кезегінде тұрған адамдарға дайын үйді жекеменшікке сатып алуға болады деген сөз. Ал ақшасы жетпей тұрса, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік бар.

Ондай баспананың бір шаршы метрі 120 мың теңгеден аспауы тиіс.

Сонымен қатар, Алматы, Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында жүздеген арендалдық коттедж салынып жатыр. Президент дәл осы баспананы жұмыс берушілердің есебінен тұрғызып, артынан олардың шығындарын өтеуді ұсынып отыр.

Бүгінде ол коттедждер жергілікті әкімдіктердің облигацияларынан түскен ақшаға салынып келеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі президенттің тапсырмасы бойынша жобаны алдын ала дайындап қойған.  

"Жұмыс беруші үлгілік типтік жоба бойынша алаңы 100 шаршы метрден және жалпы құны 10 миллион теңгеден аспайтын өз қаражаты есебінен тұрғын үй салады. Ал мемлекет үйдің белгіленген құнының 50 пайызын субсидиялайды", - дейді министрлік мамандары.

Олардың пікірінше, осы іспетті қолдау шараларының арқасында ауылдық жерлерге білікті мамандарды тартып, агроөнеркәсіп саласының дамуына қосымша серпін беруге болады.

Сонымен қатар, министрлік мамандары арендалық төлемнің мөлшерін де айтты. Қазіргі әдістемеге сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін алынатын бір айдағы төлем мөлшері 1 шаршы метр үшін орта есеппен 100 теңгені құрайды. Демек, Павлодар облысында бір коттедждің арендалық ақысы шамамен 15 000 теңге болады. Оған коммуналдық шығындар кірмейді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ипотекамен үй сатып алу үшін алғашқы жарнаға қанша ақша қажет екенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875883-1-sarsy-metri---100-tege-leumettik-kottedzder-kimderge-arnap-salynady.html