RU

Тоқаев: Коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуді саясиландыруға жол бермеу керек

Тоқаев1
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керек. Бұл туралы БҰҰ Бас ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

"Коронавирус індеті жаппай тарала бастағаннан кейін БҰҰ-ның түрлі қорлары мен бағдарламалары дағдарысқа қарсы тұру үшін дереу жұмылдырылды. Алайда, халықаралық қоғамдастық аталған бағытта бұдан да көп шара қабылдауы керек", – деді президент.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау ісінің қуатты жаһандық жүйесін құру мақсатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттіктерінің уақытылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердің медициналық мекемелеріндегі ұлттық институттарды жаңғыртуға басымдық беру қажеттігін баса айтты.

"COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керек. Аталған маңызды мәселеде инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге қол жеткізу қажет. Бұл жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, ДДСҰ Қазақстанда коронавирусқа қарсы жасалып жатқан жаңа инновациялық вакцинаны үміткер ретінде тіркеген болатын.

Оған қоса, коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның клиникалық сынағына қатысатын еріктілерге 200 мың теңгеден төленетіні белгілі болды.

Отандық вакцинаны салғызуға ниет білдірген жүздеген адамның ішінен зерттеудің бірінші фазасына 44 ерікті іріктелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875946-tokaev-koronaviruska-karsy-vakcina-zirleudi-saasilandyruga-zol-bermeu-kerek.html