RU

Қазақстандағы мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту мәселесін қалай шешуге болады?

Мүгедектерге көмек
Фото: М. К. Жапабаевтың жеке мұрағатынан

Кез келген мүгедектігі бар тұлға жұмыс істеуге құқылы. Ал мемлекеттің міндеті – осы тұрғыда оларға көмек беру.

Қазақстандағы 705 мүгедек жанның 60%-ы немесе 430-ы жұмысқа қабілетті жаста. Олардың тек 25 %-ы немесе 106,5 мыңының жұмысы бар. Ал бұл көрсеткіш Германия, Ұлыбритания, Австралия секілді өзге де ЭСДҰ елдерінде 40%-ға тең.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде?Неліктен жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі жоғары білікті мамандардың барын білмейді, ал олар болса, еңбек нарығында өздерін қажетсіз сезінеді? Жалпы бұл мәселені ЕХӘҚМ қалай шешпек? Бұл сұраққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов NUR.KZ порталына берген сұхбатында жауап берді.

- Ерлан Мұратұлы, бүгінгі күні әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар жандардың жұмыспен қамтылу мәселесі қызу талқылануда. Бұл мәселенің түйінін шешуде ЕХӘҚМ қандай шаралар қолданып отыр?

- Ең алдымен, Мүгедектігі бар жандарды оңалту және бейімдеу жөніндегі халықаралық еңбек ұйымының нұсқаулықтарында екі басым бағыт бар екенін айта кеткен жөн сияқты. Олар – жұмыспен қамтылу және білім беру. Яғни, мұндай тұлға жаңа білім алып, кәсіп үйрену, жұмыспен қамтылу арқылы әлеуметтеніп, қоғамға бейімделе алады.

Ұжым ішінде немесе онлайн түрде жұмыс істей отырып, кез келген адам әлеуметпен қоян-қолтық араласады, қажетті қарым-қатынас орнатады, өзін маман ретінде сұранысқа ие екенін сезінеді. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда бейімделуі үшін қажет аса маңызды дүние.

Бүгінгі күні Қазақстанда мүгедектігі бар жұмысқа қабілетті жандардың тек төрттен бір бөлігі ғана белсенді еңбек етіп отыр. Осыған байланысты біз еңбекке қабілетті жастағы мүгедек жандардың жұмыспен қамтылуын 30%-ға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл үшін қосымша 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту қажет. Мұндай жандардың жұмыспен қамтылу мәселесін шешу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде арнайы Жобалық топ құрылған. Бірқатар жобалар мен бағдарламалар бар.

Олардың маңыздыларының бірі – 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Биылғы жылдың 9 айында бұл бағдарлама қатысушыларының құрамына мүгедектігі бар 10 мың адам қосылған, олардың 9,9 мыңы жұмыспен қамтылды. Тұрақты жұмыс орнымен 3 115 мүгедек жан қамтылды, уақытша жұмысқа 6 877 тұрды. Олар - жұмыс орындары, жастар тәжірибесі мен қоғамдық жұмыстар.

Бұдан бөлек, мүгедектігі бар 411 адам қысқа мерзімді кәсіптік білім берумен қамтылды. Ал кәсіпкерлік негіздері бойынша 359 адам білім алды. Бағдарламаның 206 қатысушысы шағын несие алды, олардың 158-і өз ісін ашты. Тағы 508 адам грантқа ие болды.

Мүгедектерге көмек
Фото: Н. Абдугалимова, н. с. Майкеновтың жеке мұрағаттарынан.

- Яғни, мемлекеттік бағдарламалар, жобалар бола тұра, жұмыспен қамтылған мүгедек жандардың саны әлі де 25% ғана боп тұр ғой? Сіздің ойыңызша, бұл мәселе неден туындап отыр?

- Ең өзекті болып тұрған мәселелердің бірі – жұмыс берушілердің мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жұмыс ұсынатынын білмейді, ал мүгедектігі бар жандар шектеулі мүмкіндікпен қайда жұмыс істерін білмейді. Бұл проблеманы шешу үшін министрлік БҰҰДБ-мен бірлесе отырып, «Мамандықтар атласын» жасап жатыр. Жоба мүгедек жандарға 400-ден астам мамандық түрін анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл атлас жұмыс берушілерге мүмкіндігі шектеулі жандарды қандай мамандық бойынша жұмысқа алатыны туралы ақпарат беретін түбегейлі әрі толық нұсқаулық болмақ. Ал мүгедектігі бар азаматтар өзінің қандай жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар екенін нақтылай алады. Атлас олардың таңдауын еш шектемейді, тек қана мұндай жандардың жұмыс істеуі үшін қолайлы болатын жұмыс түрлерін ұсынады.

Мұндағы тағы бір проблема - мүгедектігі бар тұлғаларды жұмысқа қабылдау кезінде біздің қоғамда қалыптасып үлгерген ментальды кедергінің, стереотиптік ойлаудың болуы. Біздің міндет – бұл кедергіні жою үшін жағдай жасау.

Таблица
Фото: ҚР ЕЖХӘҚМ

Жұмыс берушілер мен HR қызметкерлер «бізге мұндай қызметкерлерді алудың не қажеті бар, егер біздің шарттарымызды орындай алмаса, оларға бізде жұмыс істеу қиынға соқса, ертеңгі күні наразылығын айтатын болады» дейді.

Ал мүгедектер болса, жұмыс берушілер оларды жұмысқа алмайды, қосымша жағдай жасамайды деген оймен еңбек биржалары мен жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге құлықсыз. Бірақ бұл кедергі ойдан шығарылған. Мүгедектігі бар азаматтар нәтижелі еңбек етіп жүрген кәсіпорындар бар, ал әріптестері оның денсаулығында кінәрат барын тіпті білмейді де.

Себебі, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасында қоларбаға таңылғандар саны көп емес. Қазақстандағы 705 мүгедек жанның 22 мыңы қоларбадағылар. Жұмыс сапасына мүлдем әсер етпейтін мүгедектіктің түрлері бар. Еңбек нарығында мүгедектігі бар мамандар көп. Олар - өз ісінің маманына айналған заңгерлер, қаржыгерлер, есепшілер.

Дәл осындай ментальды кедергіні жоюға «Мамандықтар атласы» жобасы көмектеседі. Қазан айында біз оны толықтай аяқтап, жыл соңына дейін «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, ірі кәсіпорындардың басшыларымен бірге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Тағы бір мәселе - мүгедектігі бар жандардың осы үдеріске қатысуын анағұрлым тиімдірек ету. Біз бұны медициналық-әлеуметтік сараптама арқылы шешуді жоспарлап отырмыз. Азамат өзінің мүгедектігін куәландыру немесе қайта куәландыруға медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге келген кезде, онда жұмыспен қамту орталығының маманы да отыруы керек.

Ол оған мамандықтар атласын көрсетіп, түсіндіріп, нұсқаулықтар беріп, дәл сол адамға сай келетін мамандықтарды ұсынып және оны жұмыс іздеуші ретінде жұмыспен қамту орталығының базасына енгізуі тиіс.

Бұл үшін интерактивті еңбек нарығы аяқталып, алдағы уақытта бұл нарықта «Мамандықтар атласындағы» кәсіпкебейімдеу жұмыстары жүргізілмек.

Мүгедектерге көмек
Фото: Алматы қ. "Кеңес" кешенді оңалту орталығы

- Әлемде мүгедектерді нәтижелі еңбекке тартуға арналған тиімді құралдардың бірі - кәсіпорындардағы жұмыспен қамту квоталары екені белгілі. Бұл құрал Қазақстанда қалай жұмыс істеуде?

- 2016 жылы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілген. Оларға сәйкес, мүгедектігі бар азаматтардың штаттық саны 2-4%-ға тең, ауыр жұмыс, қауіпті және зиянды еңбек жағдайы есепке алынбаған квота қарастырылған. Жұмысшылар саны 50-100 болатын кәсіпкерлік субъектілері үшін квота 2%-ға тең, жұмысшы саны 100-250 болса - 3% және 250-ден көп жұмысшысы бар кәсіпорындарға арналған квота – 4%. Салыстырар болсақ, әлемде бұл көрсеткіш 6%-ға тең.

Мұндай көрсеткішке қарамастан, біздегі нәтиже бойынша бұл нормативті кәсіпорындардың 36%-ы, яғни үштен бір бөлігіне жуығы ғана орындап отыр. Яғни, қор әлі де бар. Кәсіпорындардың 64%-на жуығы квотаны әлі күнге дейін жүзеге асырмай отыр.

Бұл тұста проблема жұмысшы саны 250-ден асатын ірі кәсіпорындарда болып отыр. Бұл 2817 кәсіпорын, ал олардың 91%-ы мүгедек жандарды жұмыспен қамту жөніндегі квотаны орындамай отыр. Орта кәсіпорындардың 72%-ы, жұмысшы саны 50-100 болатын кәсіпорындардың 49%-ы орындап отырған жоқ.

Министрлік тарапынан үйлестіру отырыстары өтіп, барлық әкімдерге тиісті хаттар жолданды. Алдағы айда әкімдіктер келесі жылға арналған квоталар бойынша қаулылар қабылдайды деп жоспарланып отыр.

Одан ары, жыл соңына дейін, қалған 2-3 айдың ішінде еңбек биржасы мен біздің жұмыспен қамту орталықтарынан мүгедектігі бар мамандарды іздеп, оларды жұмысқа алу туралы кәсіпорындармен ақпараттық жұмыстар жүргізілмек.

Қазіргі күні квотаны орындамағаны үшін айыппұл салу қарастырылған. Бірақ біз бұл шара тиімсіз екенін көріп отырмыз. Сондықтан, халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, біз мүгедектерді жұмыспен қамтуға арналған жұмыс орындары квотасын орындаудың баламасы ретінде өтемақы жарналарын енгізуді ұсынып отырмыз. Яғни, егер кәсіпорын қандай да бір себептермен мүгедектерді жұмысқа ала алмаса немесе алудан бас тартса, онда олар ӘСМҚ-на өтемақы төлейді.

Ал бұл қаражаттың барлығы мүгедек жандарға арналған жұмыс орындарын құруға қолдау шараларына бөлінетін болады. Бұл норманы біз заңнамамен бекітпекпіз. Аталған квотаны орындауға қауқарсыз кәсіпорындар таңдау жасай алуы үшін жасалып отыр. Яғни, олар айыппұл немесе өтемақы төлей алады.

Ең бастысы, осы арқылы кәсіпорындар мүгедектігі бар маманды таба алмай жатқан жағдайда туындаған мәселені шешуге болады. Мұндағы біздің міндет – мамандарды дайындауға көмектесу, жұмысшылар үшін де, жұмыс берушілерге де курстар өткізу.

Қазіргі таңда Nur Otan партиясының «Кедергісіз келешек» сайлауалды платформасын және Үкіметтің Жобалық кеңсесі тапсырмасын орындау аясында осы бағытта барынша жағдай жасалуда. Мұның нәтижелері де жоқ емес.

Мүгедектерге көмек
Фото: Алматы қ. "Кеңес" кешенді оңалту орталығы

Мәселен, кадрларды оқыту және даярлау секілді бір ғана осындай шараның арқасында биыл Қазақстан бойынша мемлекеттік қызметке алынған мүгедек жандар санын 400-ден 600-ге дейін арттыру мүмкін болды. Бұл жұмысты біз үйлестіруші орган ретінде әлі де жалғастыратын боламыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875974-kazakstandagy-mgedektigi-bar-zandardy-zmyspen-kamtu-mselesin-kalaj-sesuge-bolady.html