RU

Жолаушы Ақтау әуежайындағы жеке қорғаныс құралдарының бағасына ашуланды

жеке қорғаныс құралдары Ақтау
Фото: Lada.kz

Ақтау әуежайындағы жеке қорғаныс құралдарының бағасына жолаушылардың көңілі толмады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Lada.kz басылымына сілтеме жасап.

Жолаушының айтуынша, әуежай қызметкерлері маска тағуды талап етеді. Жоқ болған жағдайда, жеке қорғаныс құралдарының жиынтығын сатып алуға мәжбүрлейді. Оның ішіне антисептик, маска және бір рет пайдаланылатын қолғаптар кіреді. Бағасы – 1000 теңге.

"Асығып жүріп маскаларды үйде ұмытып кеттік. Әуежайда бізге жеке қорғаныс құралдарының жиынтығын сатып алуды ұсынды. Ұяттан жұрдай, бұл қайдан шыққан бағалар?", – деп ашуланды Валерий есімді жолаушы.

Айта кетейік, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов коронавирустың екінші толқыны басталып, елде қатаң карантин жарияланса, 2 миллион 200 мың адам қолдауға мұқтаж болуы мүмкін екенін мәлім етті.

Нұрымбетов COVID-19 пандемиясы еңбек нарығына әлі де қатер төндіріп жатқанын жасырмады. Оның сөзінше, елімізде қатаң карантин енгізілсе, 2 миллионнан астам адам қиын жағдайда қалады.

Ведомство басшысының пікірінше, министрлік екінші толқын кезінде жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығы немесе 4 миллион адам жұмыс режимін сақтап қалады деп болжайды. Негізінен, бұл ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс және денсаулық сақтау салалары. Ал 2,5 миллион адам қашықтан жұмыс істеу форматына ауысуы ықтимал.

Сондай-ақ COVID-19 індетінің екінші толқыны болған жағдайда жұмыссыздарға төленетін сома көбеюі мүмкін екені хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876066-zolausy-aktau-uezajyndagy-zeke-korganys-kraldaryny-bagasyna-asulandy.html