RU

Өскеменде күл-талқаны шыққан көліктерден құралған кортеж жүріп өтті (видео)

Жол апаты
Скриншот: ШҚО ПД

Өскеменнің тәртіп сақшылары жол ережесін сақтау мәселесіне тұрғындардың назарын аударудың оғаш тәсілін ойлап тапты деп хабарлайды Kaz.nur.kz порталы.

Ол үшін полицейлер жол-апатынан күл-талқаны шыққан көліктердің кортежін ел назарына ұсынып, көше-көшелерді аралаған.

Бұл ерекше іс-шараның видеосы өңір полициясының Facebook-аккаунтында жария болды. Ұйымдастырушылар осылайша жол ережесін сақтамаудың қандай қайғылы жайттарға әкеліп соқтыруы мүмкін екенін көрсеткісі келген.

Құзырлы мекеменің айтуынша, жыл басынан бастап облыс аумағында 463 жол-көлік оқиғасы орын алған. Жол-көлік оқиғалары салдарынан 67 адам қаза тапса, 700-ге жуық адам әртүрлі дене жарақаттарын алды.

"Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғалары жиі жағдайларда жол жүрісінің қарапайым ережесін сақтамау салдарынан орын алады. Азаматтардың қаза табуына немесе ауыр жарақаттар алуына әкеліп соғады. "Қауіпсіз жол" жедел іс-шара аясында жол апаттары орын алған жағдайларды көрнекі түрде көрсетіп отырмыз. Осылайша, жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға шақырамыз", - дейді ШҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Талғат Нұриев.

Еске салсақ, бұған дейін біз Алматыда жолдан өтпек болған ер адамды жүк көлігі қағып кеткенін жазған болатынбыз.

Одан бөлек, Түркістан облысында жантүршігерлік жол апаты болғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876172-skemende-kl-talkany-sykkan-klikterden-kralgan-kortez-zrip-tti-video.html