RU

Түркіменстан президенті 815 тұтқынды бостандыққа шығарып жіберді

түрме
Көрнекі фото: www.centralasian.org

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов Тәуелсіздік күні қарсаңында қамауда отырған 800 адамға рақымшылық жасады. Мемлекет басшысы тиісті жарлыққа 24 қыркүйекте қол қойды деп хабарлайды Kaz.nur.kz Centralasian.org қызметіне сілтеме жасап.

Оған сәйкес, 815 адам бостандыққа шығып, белгілі бір аймақта тұру секілді қосымша жазаларынан босатылады. Рақымшылыққа ілінгендердің арасында үш шетел азаматы бар.

Түркіменстанда ел басшысы түрлі мейрамдар қарсаңында рақымшылық жасайды. Соңғы рет Бердімұхамедов Қадір түні алдында 1 400 адамды бостандыққа шығарған.

Бірақ саяси және діни негіздермен қамалған жүздеген адам президент рақымшылығына ілінген емес.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Пайғамбар жасына толуына орай Геок-Тепе мешітінде садақа бергені туралы жазған едік. Мемлекет басшысы мешітте жиналған ақсақалдармен әңгімелескен.

Сонымен қатар, түркіменстандық телевизияда президент Бердімұхамедовтің кезекті демалысын қалай өткізіп жатқаны жайлы сюжет жарияланған болатын.

Өзінің ерекше іс-әрекеттерімен әрдайым көзге түсіп жүретін Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедовті өндіріс және құрылыс министрі етіп тағайындағаны да БАҚ назарынан тыс қалмады.

Сондай-ақ, Түркіменстан басшысының халықаралық ақалтеке ат спорты кешенінде болып, акробаттардың өнерін тамашалағаны, кейін өзі де тұлпарды тізгіндеп, манежді бірнеше рет айналып шыққаны хабарланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876176-trkimenstan-prezidenti-800-ttkyndy-bostandykka-sygaryp-ziberdi.html