RU

Көлігінде қалған 65 мың долларды иесіне қайтарған алматылық азамат туралы білесіз бе (фото)

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қазақ телевизиясында талай жылдан бері кәсіби оператор болып қызмет ететін Әбен Нарымбаев көлігінде қалып кеткен қомақты қаражатты иесіне қайтарып берген. Ең қызығы, мұндай оқиға қарапайым қызметкердің өмірінде бірнеше рет болған деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл оқиғаның қалай өрбігенін журналист Мейрамбек Таубалдиев әлеуметтік желідегі парақшасында баяндады.

"Бірде "Хабар" арнасының операторы жұмысқа келе жатып, жол-жөнекей қол көтерген жолаушыны ала кетеді. Діттеген мекенжайына жеткен соң, бейтаныс жолаушыны қалдырып, еш алаңсыз жұмысқа бармай ма?! Кенет көліктің артқы орындығына көзі түседі. Дәу сөмке. Өзінікі емес екені анық. Қазақы қызығушылықпен ашып көрсе, бума-бума ақша тұр! Теңгеден бөлек доллары тағы бар! Бір тиын алмастан, иесін іздеп тауып, қайтарып береді", - деді ол.

Таубалдиевтің айтуынша, сөмкеде 65 мың доллар және 2 миллион теңге қаражат болған.

"Түсірілім кезінде сұрадым ғой сүйіншіге қанша берді деп. 50 000 теңге ұстатыпты қолына. Сыйақысын қойшы, сауабын айтсайшы! Әбен - ТМД бойынша қазақтан шыққан тұңғыш тірі алтын адам. Алтын адамда әлі күнге сол баяғы көлік, бұрынғы жұмыс. Томаға-тұйық тіршілік. Не деген қарапайым едіңіз!

Жақында тағы да әмиян тауыпты. Жеңгеміз екеуі. Сауда орталығынан. Құжаттар мен ақшаға толы. Иесін қаладан іздеп тауып, қайтарып беріпті. Оның елге жасаған жақсылығын санап тауысу мүмкін емес.

Пәтер жалдап, бала-шағасын асырап жүрген аға қандай марапатқа да лайық еді ғой. Ол мұқтаж емес. Біз ғой мұқтаж. Рухани жаңғыру деген сол емес пе?! Жақсы істі жарнамалап жіберсек, талайға ой салары даусыз. "Жүз жаңа есім", "Алтын жүрек", "Алматы азаматы" деген қаптаған "жылтырақтың" осындайда "жоғалып" кететіні жаман-ақ. Іздемейміз", - деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, жақында Павлодар облысы Шарбақты ауданы Есілбай ауылының белсенді жастары жергілікті зейнеткерге екі бөлмелі үй салып бергенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876222-kliginde-kalgan-65-my-dollardy-iesine-kajtargan-almatylyk-azamat-turaly-bilesiz-be-foto.html