RU

Атырау облысында 1 млрд теңгеге салынған екі бірдей жаңа балабақша жабылды

Бала
Көрнекі фото: pixabay.com

Құлсары қаласында 2 жыл бұрын салынған, әрқайсысының құны 1 миллиард теңгеден асатын екі балабақша жабылды. Адал емес құрылыс салушының кесірінен ғимараттардың қабырғалары кеуіп, едендері опырылған деп хабарлайды Kaz.Nur.kz.

Нысандар 2018 жылы пайдалануға берілді. "Хабар 24" арнасының хабарлауынша, әр бөбекжай-балабақша 290 орынға есептелген, әрқайсысының құрылысына 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің екеуі де мұнай компаниясының қолдауымен салынған. Алайда, олар қазір бос тұр.

Жергілікті биліктің айтуынша, жобалау кезінде біраз қателік жіберілген. Қазіргі уақытта оқиғаға кінәлілерді анықтайтын кешенді тексеру басталды.

Сараптама нәтижелері бойынша сапасыз жұмыс үшін кімнің жауап беретіні және олқылықтарды жоятыны белгілі болады.

Әзірге балалар басқа мекемелерге барып жүр.

Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Арай Нұрмаханова жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде қателік жіберілгенін қоса кетті. Енді жоба қайта жасалады.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысы Жылыой ауданында инфекциялық орталықтан коронавирус індетін жұқтырған екі науқас емделіп шыққанын хабарлаған болатынбыз.

Айта кетейік, Атырау облысында балабақшаның үш бірдей қызметкерінен коронавирус анықталған.

Атырау облысындағы "Жұмбақ" балабақшасының бала күтушісінен коронавирус инфекциясы расталды. Таңертең кадрларды фильтрлеу кезінде ол жедел респираторлы вирустық инфекция белгілері бар емханаға жіберілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876240-atyrau-oblysynda-1-mlrd-tegege-salyngan-eki-birdej-zaa-balabaksa-zabyldy.html