RU

ТЖ министрі мүлікті міндетті сақтандыру жүйесін енгізуді ұсынды (видео)

ТЖ министрі 1
Фото: ortcom.kz

Төтенше жағдайлар министрінің пікірінше, азаматтың кінәсінен өрт болғанда, оның мүлкін қалпына келтіруге бюджет қаражатының жұмсалуы дұрыс емес деп хабарлайды Kaz.nur.kz.

Inbusiness басылымының мәліметінше, Юрий Ильин ерікті сақтандырумен қатар, мүлікті міндетті сақтандыруды енгізуді ұсынды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ерікті сақтандыру қағидасы қызмет етеді және жазатайым оқиға болған жағдайда, мемлекет бюджет қаражатынан ақша бөліп, азаматтың мүлкін қалпына келтіреді.

Министр бұл тәсілді дұрыс емес деп есептейді.

"Мүлікті міндетті сақтандыру жүйесін енгізу қажет. Бұл азаматтарды ынталандырады. Егер адамның ғимараты немесе үйі өрт қауіпсіздігі нормаларына сәйкес келмесе, оның сақтандыру сомасы жоғары болуы керек. Ал қауіпсіздік нормаларына сай болса, ең төменгі сақтандыру сомасын төлейді.
Қазіргі таңда ерікті сақтандыру қағидасы қызмет етеді. Алдағы уақытта мемлекет міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндіктерін қарастырады. Себебі азаматтың кінәсінен өрт болса, оның мүлкін қалпына келтіруге бюджет қаражатының жұмсалуы дұрыс емес", – дейді Ильин.

Сондай-ақ ведомствода аз қамтылған, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар тұратын үйлердің тізімі бар. Олардың барлығы арнайы есепте, қазір мұндай үйлердің саны – шамамен 119 мың.

Сонымен қатар, қайта құрылған министрліктің құрылымында 30 мыңға жуық адамның қызмет ететіні мәлім болды. Олардың көбісі бұған дейін осы салада жұмыс істеген.

Еске сала кетсек, төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру туралы бастаманы президент Қазақстан халқына арнаған жолдауында көтерген еді.

Мемлекет басшысының жарлығымен қайта құрылған ведомствоның басшысы лауазымына Юрий Ильин тағайындалған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876249-tz-ministri-mlikti-mindetti-saktandyru-zjesin-engizudi-syndy-video.html