Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құр сөз": Танымал әншілер фонограммаға қатысты заң жобасына пікір білдірді

Опубликовано:

микрофонн
Көрнекі фото: pixabay.com

Жақында депутаттар мәдениет саласына қатысты заң жобасын мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді. Егер құжат мақұлданса, әншілер концерт бермес бұрын фонограмма қосылатынын ескертуі қажет болмақ. Осыған байланысты танымал әншілер пікір білдірді деп хабарлайды Kaz.nur.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Әнші Мирас Бекжановтың айтуынша, бұл бастама сөз жүзінде ғана орындалады. Себебі, елімізде кімнің қалай ән салып жатқанын бақылап отыратын мекеме жоқ.

"Бұл құр сөз болып қалайын деп тұр. Мейлі, әнші жанды дауыста айтамын деп хабарласын, бірақ оны зерттеп-бақылап отыратын органдар бар ма? Фонограмманы қосып қойса да, оны ешкім байқамайды. Концертте бақылап отыратын адамдар бар ма? Сондықтан бұл жақын арада келетін нәрсе емес", - дейді Бекжанов.

Өнер иесінің сөзінше, дүркіреп өтетін концертті ұйымдастырушылар ең алдымен әншілерден фонограмма сұрайды. Өйткені, жанды дауыста ән салуға техникалық мүмкіндік жоқ.

"Жанды дауыста айтқанға не жетсін, ол үшін қомақты қаражат керек. Егер заңды қабылдайтын болса, бақылаушы органдарды құру керек. Біз маман әншіміз, оркестрмен бірге ән салып жүрміз.
Алайда үлкен концерт алдында дауысың шықпай тұрса, концерт өтпей қалғаннан фонограммамен ән салып шыққан жақсы ғой. Себебі, мыңдаған адамның алдына шығып, "мен ауырып қалдым, ән айтпай-ақ қояйын" дегенді халық қалай қабылдайтыны да белгісіз", - дейді ол.

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майра Ілиясова фонограмманы қолдану тоқтайтынына сенеді. Оның сөзінше, бұл дер кезінде қабылданған шешім.

"Мәдениет министрлігінің бастамасы, жанды дауыста ән салу бойынша әншілерге қойылып жатқан талаптар – дер кезінде жасалып жатқан дүние. Өйткені бұл ерте ме, кеш пе қолға алынуы керек еді. Осыдан біраз жыл бұрын "Арай", "Досмұқасан" ансамбльдері жанды дауыспен ән шырқап, дүрілдеп тұрған кезде тұмау ауры сияқты фонограммамен айту үрдісі еніп кетті. Сол нәрсе бүгінге дейін жетіп, үзілмей тұр", - дейді Ілиясова.

Ілиясованың сөзінше, министрлік ең алдымен музыкалық техникаларды жөндеуі керек.

"Кейбір ауылдық жерде фонограмманың өзімен дауысы шықпайтын аппаратура тұрады. Аудандық, облыстық клубтар да осындай мүшкіл хәлде отыр. Егер жақсы техника алынса, оның құлағында ойнайтын мамандар да керек", - деді өнер иесі.

Айта кетейік, жаңа заң жобасы аясында фонограмма тақырыбы ғана қозғалған жоқ. Енді оған сәйкес, әртістерге сахнаға мас күйде шығып, бейәдеп сөйлеуге тыйым салынады. Ауқымды шаралардың ұйымдастырушылары бұдан былай жұлдыздардың концерт кезіндегі тәртібіне жауапты болмақ. Олар әншілердің өзін ел алдында дұрыс ұстауын қам амасыз етуі тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1876304-kr-sz-tanymal-nsiler-fonogrammaga-katysty-za-zobasyna-pikir-bildirdi/

pixel