RU

Солтүстік Қазақстанда 12 оқушыдан коронавирус анықталды

мектеп карантин 123
Фото: Global Look Press / Владимир Мельников

ОКҚ-да өткен онлайн-брифингте денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметова мектептердегі кезекші сыныптардан анықталған коронавирус жағдайы туралы айтты деп хабарлайды Kaz.nur.kz Zakon.kz порталына сілтеме жасап.

"СҚО мектептерінде коронавирус жұқтырған 12 жағдай тіркелді. Деректер сегіз білім беру мекемесі мен бір балабақшадан анықталды", - деді Қожахметов.

ДСМ ресми өкілі аталған оқу орындарында эпидемияға қарсы барлық шаралардың қабылданып жатқанын атап өтті.

"Байланыста болған адамдар 14 күнге үй карантиніне жатқызылды", - деді Қожахметов.

Еске сала кетейік, 14 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Парыгина ауылындағы мектептердің бірінде кезекші сыныпта білім алып жүрген екінші сынып оқушысынан коронавирус инфекциясы анықталғанын жазған едік.

"Оқушының анасы - мұғалім. Баланың температурасы алғашқы күні 37 градус болған және вирус жұқтырғанын айғақтайтын бірқатар белгі байқалған. ПТР тест нәтижесі баланың вирус жұқтырғанын көрсетті. Оқушы қазір үйде ем-дом шараларын қабылдауда, жағдайы орташа. Вирус анықталған бала оқитын сыныпта 12 оқушы бар. Оқушылар да, ұстаздар да тексеруден өтіп жатыр", - деп хабарлады кеше денсаулық сақтау министрлігі.

Кейінірек, ШҚО-да тағы да вирус жұқтырған үш оқушы науқас тіркелді.

Олар:

  • Шемонаиха ауданының 4-сынып оқушысы,
  • Көкпекті ауданының 11-сынып оқушысы,
  • Алтай ауданының 2-сынып оқушысы.

Белгілі болғандай, науқастар білім алған оқу орны шағын жинақты мектептер болып саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876331-soltstik-kazakstanda-12-okusydan-koronavirus-anyktaldy.html