RU

"Барыс" хоккей клубында коронавируспен ауырғандар саны артты

Барыс хоккей клубы
Фото: "Барыс" ХК

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов ОКҚ өткен онлайн-брифингте "Барыс" командасындағы коронавирус жағдайын айтып берді деп жазады Kaz.nur.kz.

Бағдат Қожахметовтың хабарлауынша, дәрігерлер ұжымдар ішінде коронавирус инфекциясының өршуіне алаңдаулы. Мысал ретінде ол танымал қазақстандық "Барыс" хоккей клубын келтірді.

Оның сөзінше, 17 қыркүйекте хоккей командасы әкімшілігінен 40 адамға профилактикалық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде олардың 11-нен COVID-19 анықталған.

"Сол күні-ақ оларға санитарлық-эпидемиологиялық шараларды жүргізу керегі жөнінде астаналық бас санитар дәрігердің қаулысы берілді. Байланыста болған 29 адам анықталды. Олардың "Барыс арена" стадионына келуіне шектеу қойылды", - деді Қожахметов.

Сонымен бірге, маман стадионға дезинфекция жасалып, қызметкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.

Қожахметовтың сөзінше, 22 қыркүйектегі тексеру кезінде байланыста болған 29 адамның сегізінде коронавирусқа жасалған ПЦР-тест оң нәтиже көрсеткен.

"Ауырған 19 науқаста да COVID-19 симптомдары жоқ. Олар амбулаторлық ем қабылдап жатыр", - деді Қожахметов.

Еске сала кетсек, 17 қыркүйекте "Барыс" хоккей клбының 17 ойыншысы коронавирус жұқтырып алғанын жаздық.

Айта кетсек, Солтүстік Қазақстанда 12 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876356-barys-hokkej-klubynda-koronaviruspen-auyrgandar-sany-artty.html