RU

Алматы облысында жүргізуші адамды қағып өлтіріп, көлігін тығып қойған

жүргізуші авто 2
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Алматы облысының тұрғыны жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Артынан автокөлігін тығып қойған. Тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы өңірдің полиция департаментіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 21 қыркүйекте сағат 23.00-де болған. Белгісіз автокөлік "Нұр-Сұлтан – Алматы" тас жолында 46 жастағы Ақши ауылының тұрғынын қағып кеткен. Ер адам оқиға орнында көз жұмды, ал жүргізуші белгісіз бағытта ізін жасырған.

Іздестіру тобының полицейлері күдіктінің ізіне түскен.

"Көршілес Қарасай ауданында жер үйдің ауласында жасырылған «Тойота Авалон» автокөлігі табылды. Көліктің кузовында адам қағудың белгілері бар іздер анықталған. Зақымдалған бөлік жамылғымен мұқият жабылған", – деп хабарлады полиция өкілдері.

Белгілі болғандай, автокөлікті 60 жастағы ауыл тұрғыны басқарған. Ол адам қаққанын, қатты қорыққаннан жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткенін мойындады.

Айта кетейік, осы жылдың маусым айында Нұр-Сұлтанда мас күйде үш адамды қағып кеткен әйелге қатысты сот үкімі шығарылғаны белгілі болды.

Сот қылмыстың ауырлығын, балалардың зардап шеккенін ескере отырып, айыпталушыны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Сонымен бірге, сотталушы 10 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылғы 22 маусымда жеңіл көлік үш жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын. Олардың арасында 2018 жылы туған бір кішкентай бала мен 2001 және 2002 жылы туған екі жеткіншек болған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер түрлі дене жарақаттарын алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876359-almaty-oblysynda-zrgizusi-adamdy-kagyp-ltirip-kligin-tygyp-kojgan.html